Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
«Үздік еңбек әулеті» атанды
Оқуға 2 мин
Темір жолда 400 жылдық еңбек өтілі бар Жаңабаевтар әулеті облыстағы байқауда осы құрметке лайық деп танылды. Арыстың Қабылсай бекетінде тұратын бұл отбасыдан тараған он жеті теміржолшы ата кәсіпті жалғастырып келеді.
Қыркүйектің соңғы күндерінде өткен «Еңбек күні» мерекесіне орай, еңбек әулеттерінің облыстық форумы болған. Үшінші рет ұйымдастырылған шараға биыл «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Үздік еңбек әулеті» номинациялары бойынша сайыстар қосылған екен. Өңірлік комиссия мүшелерінің саралауынша, Жаңабай ақсақалдың әулеті темір жол саласындағы бір ғасырлық еңбегі арқылы аймақтың экономикалық өсіміне үлкен үлес қосқан, сондықтан да жүлделі орынға әбден лайық.
Әулеттің атасы Жаңабай қария мен жолдасы Райхан апа Қабылсай бекетінде теміржолшы болған, он бала өсіріп, олардан 22 немере, 18 шөбере көріп отыр. Облыстан кейін республикалық байқауға жіберілген әулетке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Алғыс хаты тапсырылды.
Біз өскен Қабылсай бекеті қазір жабылғанмен, ондағы алпыс түтін иелерінің бәрі теміржолшы. Бірі Арыста, бірі айналасындағы өзге станцияларда тер төгуде. Осы теміржолшылардың балалары үшін ауылымыздан жаңадан мектеп салынды, күздің соңғы айында ашылады деп күтілуде. Біз кезінде әр ауылдағы туыстардың үйінде, арасында интернатта жатып оқыдық. Енді қабылсайлық оқушылар өз үйінде жүріп оқитын болады, соған барлық қабылсайлықтар қуанудамыз. Әркім мектеп құрылысына қаржылай демеушілік көрсетті. Енді мектептің ашылу қарсаңында біздің әулеттің үлкені, ағамыз Тазабектің зейнетке шыққаны мен мерейтойлық 63 жасының құрметіне футболдан теміржолшылар арасында турнир өткізбекпіз, оған міне ата-анамыздың тойы қосылып отыр, қуанышымыз ерен, – дейді отбасының екінші ұлы, Шымкент бөлімшесінің диспетчерлік орталығында электр-механик болып қызмет атқаратын Панзарбек Жаңабаев.