Маңғыстау  пайдалану локомотив депосында машинистер мен машинист көмекшілері отбасыларының екінші мүшелерімен кездесу болып өтті. Маңғыстау  Жүк тасымалы бөлімшесі  «Локомотив» АҚ филиалы – Маңғыстау  пайдалану локомотив депосының бастығы Бақтияр Тулепов өз сөзінде локомотив бригадаларының шеберлігі мен біліктілігінің қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Маңғыстау пайдалану локомотив депосына  ТД-2 Бейнеу айналым локомотив депосы және ТД-30 Жаңаөзен айналым локомотив  депосы қарайтындығын, барлығын қосқанда депода 262 машинист, 264 машинист көмекшісі еңбек ететінін сөз еткен басшы, қозғалыс қауіпсіздігін сақтаудағы негізгі буын осы локомотив бригадалары екендігіне баса тоқталды. «Машинистер жұмысқа түсер алдында 5-6 сағат демалулары қажет.  Отбасының асыраушысы – ер азаматтарыңыздың демалуына жағдай жасау, көңіл күйлеріне қарайлау, сүйікті тағамын дайындап, киімдерін, керек-жарағын түгендеп шығарып салу – әр шаңырақтың ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы мына отырған әйел, аналар, апа, келіндер сіздерге тікелей байланысты», – деп нәзік жандыларға қарата әңгіме айтқан директор теміржолшылар зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстап, ұрлық-қарлыққа жоламауы керектігін,  ащы су мен улы түтіннің кесірінен қаншама адамның өмірі былғанғанын, жұмыстан босап опық жеп жүргендерін мысалға келтірді. Келесі кезекте сөз алған депоның кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбілсейіт Нәбиханов отбасындағы ерлі-зайыптылардың рөліне тоқталып, мұндай мағыналы басқосуларға әсіресе, жас теміржолшылардың жұбайлары қатысу керектігін дұрыс санады. Оның бұл пікірін жиынға қатысушы аналар да қостады. «Біздің отау құрып, түтін түтеткенімізге 20-30 жылға таяды. Осы аралықта біз ыдыс-аяқ сылдырының кезеңдерінен сәтті өттік. Қазіргі жастардың өмірге көзқарасы, білім-білігі басқа. Темір жол мамандығының қыр-сырын, қиыншылықтарын түсіну үшін жас келіндер шақырылған жиыннан қалмай келулері керек. Нәтижесінде, күйеулерінің мамандығына сабыр, түсіністікпен қарар еді, қит етпе жанжалдардан тиылар еді», –  деді олардың бірі. Жиында депоның кадр және бухгалтерлік бөлім мамандары да сөз алып, құрылымдық өзгерістер мен жалақы, қосымша жеңілдіктер, т.т. сауалдарға қатысты түсінік берді. 

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау