Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Жылу бере бастады
Оқуға 2 мин
Қызылорда жүк бөлімшесіне қарасты темір жол мекемелерін сапалы ауыз сумен қатар маусымдық жылумен қамтамасыз ететін «Теміржолсу-Қызылорда» серіктестігі қазан айының 15-нен бастап өңірдегі теміржол мекемелері мен тұрғындарға жылу бере бастады.
Аймақтағы сегіз станцияда орналасқан жылу қазандықтары түгелдей қажетті техникалық көмірмен жабдықталып, қатал қыстың аязына тас-түйін дайындалған екен.
«Теміржолсу – Қызылорда» ЖШС-нің меншігіндегі Төретам, Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек, Белкөл, Шиелі және Жаңақорған станцияларында орналасқан 8 жылу қазандығы бүгінгі таңда толық жұмыс жасап, тұтынушыларын жылу қуатымен қамтамасыз етуде. Жылу қазандықтарынан шығатын орташа жылу қуаты сағатына 0,363 Гкалл көлемінде, бұл қуат тұтынушылардың жылу қажеттілігін толық қанағаттандыруға жеткілікті мөлшерде, – деді «Теміржолсу – Қызылорда» мекемесі техникалық бөлімнің жетекші инженері Мақсат Байхонов.
Өңірдегі сегіз станциядағы жылу қазандықтарында ауысыммен жұмыс жасайтын 32 машинист-от жағушылар қажетті маусымдық киіммен қамтылған. Жалпы ұзындығы 1,35 км жылу жүйелері әр станциядағы тұтынушының саны мен мекемелердің көлеміне қарай өзгереді. Аймақтағы маңызды жаңалықтың бірі, жылу қазандықтарының бірі енді көгілдір отынмен жылытылуға көшті. Бұған дейін қатты отынмен жылытылып келген Шиелі станциясындағы жылу қазандығына қосымша жаңа пеш орнатылып, биылғы жылу маусымында көгілдір отынға қосылған. Қуаттылығы 350 квт болатын «Нар КВа-0,35» маркалы жылыту пеші Көкшетауда жинақталған отандық өнім. Жылыту қазандығына қызмет көрсететін 4 машинист-оператор арнайы дайындықтан өткен.