Райхан РАХМЕТОВА
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жолға шығады
Оқуға 2 мин
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстан» атты арнайы пойыз осы жылдың 1 қарашасында Елордадан аттанып, Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шықпақ.
Мерекелік пойыздың сапары Астана – Қарағанды бағытында басталып, алдымен еліміздің солтүстік өңірлерін бойлай, одан батысқа бет ала отырып, содан бері оңтүстікке беттей, шығысты жалғай келе соңғы нүктесі 14 желтоқсанда Алматыға келіп тірелмек. Осы аралықтағы 1 ай 14 күннің ішінде пойыз теміржол бойындағы 100-ге жуық станцияға аялдайды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған арнайы пойыз құрамында еліміздің бетке ұстар тұлғалары, өнер мен мәдениеттің қайраткерлері болып, тоқтаған станцияларда халықпен бірге ширек ғасырлық тәуелсіздігіміздің шежіресінен сыр шертетін болады. Арнайы пойыздың мақсаты – азаттық деп аңсап кеткен бабалардың арманына қол жеткелі қазақ елінің бағындырған биік белестерін, Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың көреген саясатының жемісін айтып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, баянды болуы үшін елімізді білім мен ғылым, өнер арқылы әлемнің озық елдерінің қатарынан табылуына бастар қадамдарын нығайта түсуге септік ету.
Ұлттық компания тарапынан пойыз сапарына барлық қолайлы жағдайды жасау міндет болмақ. Пойыздың төсек жабдықпен қамтылуы, магистральдық желінің пайдалану шығындарын шығару, тоқтаған станцияларда пойыздың электр желілеріне қосылуы, уақытылы сумен, көмірмен қамтамасыз ету, 2 ресторан-вагонды жабдықтау, пойыздың техникалық құрамын, яғни бригадирлік құрамын бекіту, пойыздың қорғалуы мен қауіпсіздігін сақтау шаралары, т.т. жұмыстар ҚТЖ бойынша Адам ресурстарын басқару департаменті, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, Әскерилендірілген теміржол күзеті, тағы да басқа құрылымдық мекемелерге жүктелген.