Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Төретам
Балалар пойызы Байқоңырдан асты
Оқуға 2 мин
«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен«Самұрық Қазына» ҰӘҚ-ның бірлескен жобасы –дарынды балалардың күзгі демалысын туған жердің көрікті де тарихи орындарын тамашалауына арналған балалар пойызы сапарын жалғастыруда.
Ежелгі Тараз қаласына атшалдырып, кеше Байқоңырға аялдаған ерекше пойыздың жолаушылары жол бойы шат-шадыман, көңілді келеді.
–Барлық облыстан жинақталған, тіпті шағын станциялар мен ауылдардың балаларын да тыс қалдырмай жинаған үздік оқу озаттарымен олимпиада жеңімпаздарынан іріктелген «Менің елім» пойызының бүгінгі жас жолаушылары алдағы күндерде қасиетті Түркістандағы тарихи мекендерді, рухани астана Алматыны аралап, Сарыарқа төріндегі Астана қаласына оралады. Балаларға тәулігіне төрт мезгіл ас-суын беріп келеміз, жандарында өздерінің тәрбиешілері де бірге келе жатыр. Вагонда түрлі ойын ойнап, дәріс тыңдап, барлық бос уақыттрын тиімді өткізуде, – деді «ҚТЖ» әлеуметтік жұмыстар департаменті қызметкері Ержан Мантиков.
Барлық өңірден жиналған, оқуда озат, үлгілі тәртібімен қоса әртүрлі мәдени-көпшілік шараларға белсене араласатын 120 дарынды ұландар «Менің елім» пойызымен космодром бесігі Төретам қалашығының тарихи жерлерін аралап, Ю. Гагарин, Т. Әубәкіров сынды ғарышкерлер ұшқан жерді өз көздерімен көріп, талай қызықты жайттардың куәсі болды. Алған әсерлерімен бөліскен балғындардың жалпы космос, космодром тарихы жайлы көп білетіні таңқалдырарлық. Кім біледі, Байқоңырға бала күнінде табаны тиген ұландар ішінен ертең-ақ еліміздің көк Туын ғарышқа тігетін Тоқтардай батырлар шығар…