Ұлан ОРАЗ
Жыл соңы жаңалыққа толы болмақ
Оқуға 2 мин
«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы осы жылдың соңына дейін қатарынан бірнеше жаңа жобаларды аяқтап, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар жобаларды іске қоспақ.
Бұл туралы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Бүгінгі таңда Боржақты – Ерсай темір жол желісі, «Құрғақ порт», «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағын инфрақұрылымдау және Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Құрық портының алғашқы іске қосу кешені мен Алматы – Шу темір жол телімін пайдалануға беру жоспарлануда. Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалы мен елордадағы жаңа вокзал кешенінің құрылысы да бітуге жақын. Мұның барлығы оң экономикалық тиімділік беріп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға мүмкіндік туғызады. Мысалы биыл Азия-Еуропа бағытындағы жүрдек контейнерлік тасымал көлемі 2011 жылға қарағанда 100 есеге артпақ. 2020 жылдарға таман контейнерлік тасымал көлемі үш негізгі бағыт бойынша: Қытай – Еуропа, Қытай – Кавказ – Түркия, Қазақстан – Түркіменстан – Иранға 1,7 млн ДФЭ-ге дейін жеткізілмек.
Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ мультимодальды көліктік-логистикалық қызметтерді дамыту бойынша, соның ішінде бірыңғай логистикалық сервиске жаңа құзырет пен қызметтерді біріктіру, нарықтың жаңа сегменттеріне шығу, жаңа көліктік өнімдерді шығару жөнінен жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда, көліктік-логистикалық секторды дамыту ел экономикасының драйверіне айналмақ. Бұл 2020 жылға қарай Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 1 пайыздық өсімін қамтамасыз етпек.