Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Жер телімдері қайта қаралады
Оқуға 2 мин
Кезінде темір жолдың жанынан заңды-заңсыз берілген жерлерге тұрғындар үй салған. Бүгінде әр шаңырақта мал мен жан көбейген сайын, іргелес жатқан болат жолда қауіпсіздіктің сақталмауы жиілеуде.
Жылдан-жылға пойыздың адам басу дерегі көбейген сайын, теміржолшылар мен құзырлы мекеме қызметкерлері бірлесіп, нақты іс-әрекетке көшуді қолға алуда. Осы мақсатта Шымкент жол бөлімшесінде аймақтағы магистральді желі бөлімшесінің бас инженері Мұрат Бидалиевтің төрағалығымен жиын өтті. Оған Шымкент пен Арыстағы жол, белгі беру және байланыс, электрмен жабдықтау дистанцияларының бас инженерлері қатысты. Сонымен қатар, «ӘТЖК» АҚ Шымкент филиалы мен Шымкент станциясындағы ІІЖБ қызметкерлері, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ОҚО филиалының басшысы, Шымкент көлік прокуратурасының аға прокуроры мен Көліктегі бақылау инспекциясының ОҚО филиалындағы теміржол және су көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы келіп, күн тәртібіндегі жағдайды оңтайлы шешудің амалдарын ортаға салды.
Негізгі тақырып, әрине – қауіпсіздік, жолға жақын үйлер мәселесі болды. Уақытында заңға қайшы орын алған бұл әрекет жыл өткен сайын қайта қарауды талап етуде. Екі сағатқа созылған жиында қос тарап өзара пікір алмаса отырып, теміржолға жақын жерлерге баспана мен кәсіпорындар салуға рұқсат берген қалалық әкімдік қызметкерлерінің үстінен сотқа арыз түсіретін болып келісті. Себебі, ендігі жерде көпті ойландырған ортақ мәселесін тек заң орындары ғана шеше алмақ. Одан кейін жол бойына салынуы жоспарланған барлық ғимараттарға заңмен тосқауыл қойып, қауіптің алу да нақты іспен атқарылатын болды.