Өткен аптаның жұмасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас әкімшілік ғимаратында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ  Жастар ісі жөніндегі кеңестің ұйытқы болуымен қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.  Акцияға Жүк тасымалы қызметкерлері ғана емес, Ұлттық компания мен оның  еншілес ұйымдарының барлық қызметкерлері бір кісідей  қатысып, үлкен ұйымшылдықпен атсалысқанын айта кеткен жөн. Бұл қайырымдылық шара «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Стратегиялық даму және тәуекелдерді басқару департаментінің 3-ші дәрежелі менеджері, марқұм Динара Әлішеваның отбасына көмек ретінде ұйымдастырылып отыр. Динара Есенбайқызы 2016 жылдың 21 қазанында  Астана – Қарағанды трассасында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан болатын. Оның артынан бес жасар Алина мен үш жасар Данель есімді екі қызы қалып отыр. Екеуі де ауыр жарақатпен ауруханада жатыр, бүлдіршіндерге ұзақ уақыт ем-дом қажет екенін айтады дәрігерлер. Бұл қайғылы жағдай бәрімізге ортақ. Қашанда корпоративтік рухы бір теміржолшы қауымы әріптесіміз Әлішева Динараның қаза болғанына қатты қайғыра отырып, оның соңында қалған, сол аппатты оқиғада аналарының жанында болған қос бүлдіршінге мүмкіндігінше қолдан келген көмектерін жасау үшін атсалысуда. Бүгінгі жәрмеңкеде компания қызметкерлері, олардың арасында жастар да, егде жастағылар да бар, қыздар мен жігіттер бар, өз қолдарымен пісірген алуан түрлі тағамдар, қолдан тоқыған немесе жасаған бұйымдары мен магниттік кәдесыйлар, т.т. қойылды. Сатып алушылар да өз әріптестеріміз. Бұдан бөлек «ҚТЖ» ҰК» АҚ әкімшілік ғимараты мен  «Emerald Tower» бизнес-орталығының қабаттарына қайырымдылық жәшіктерін орнаттық. Ізгі іске әріптестеріміз белсенді қатысып, акция нәтижесінде 550 000 теңге қаржы жиналды. Біз оны Динара Әлішеваның отбасына көмек ретінде табыстаймыз, – деген Жастар ісі жөніндегі кеңестің жетекшісі Гүлім Бейісбекова марқұм болған әріптестерінң қос құлыншағы тезірек сауығып кетуіне теміржолшылар түгел тілектес екенін жеткізді.

Сұлугүл БАКЕСОВА