Семей жүк тасымалдау бөлімшесінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай бірқатар игілікті шараларды ұйымдастыру жоспарланған болатын. Соның ішінде спорттық сайыстар айрықша орын алады. Осы ретте егемендік мерекесі құрметіне арналған тақталы ойынның шахмат түрі бойынша біріншілік болып өтті. Бұл жолы да қатысуға тілек білдіргендер саны мол болды. Сондықтан да, ойыншылар өзара үш топқа бөлініп, іріктеу ойындарын өткізді. Біріншілік барысында осыған дейін де шахмат сайысынан тек бөлімшеде ғана емес, Ұлттық компания бойынша да топ жарып, қоржынға жүлде салып жүрген әйгілі шахматшылар қатысты. Мәселен, шахматтан бөлімшенің бірнеше мәрте чемпионы атанған, республикалық сайыстарда Семей теміржолшыларының атын аспандатып жүрген ағайынды шахмат шеберлері Қамзабаевтар да шаршы тақта бойынша өнер көрсетуге келіпті. Үш топтан тұратын кездесу шиеленісті өрбігенмен жеңімпаздар қатары жылдам анықталды. Осылайша отыз шақты ойыншылар арасынан ақтық финалға жолдама алған сегіз шахматшы өзара жеңімпаздар арасында сайыс өткізіп, бастапқы орындарды бөліске салды. Нәтиже көп ұзамай анықталды. Бас жүлдені Семей жүк тасымалдау бөлімшесі басшысының орынбасары, әуесқой шахматшы Ерғазы Жұмаділов қарсылас шақ келтірместен жеңіп алды. Ал жүлделі екінші орынды Берік Қамзабаев алса, келесі үшінші орынды Ербол Қамзабаев иеленді. Барлық жеңімпаздарға кәсіподақ ұйымының марапат қағаздары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Бұл ойын Тәуелсіздік мерекесіне арналған спорттық шаралардың беташары ғана. Алдағы уақытта бөлімше бойынша мерейтой құрметіне орай спорттың өзге түрлері бойынша біріншіліктер жалауын көтермек.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей