Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
ЖАҢА ЖҮЙЕ – тиімділік кепілі
Оқуға 3 мин
Қазіргі таңда Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының барлық учаскелеріне заманауи үлгідегі ЭКЕАЖ (электроэнергияны коммерциялық есепке алудың автоматтық жүйесі) орнатылған. Жаңа жүйенің артықшылығы мен тиімді тұстары жайлы мекеме басшысы Сұлтанбек Қунаев айтып берді.
─ Жаңа жүйенің арқасында көрсеткіштер тез, белгіленген уақыт аралығында беріліп, автоматты түрде өңделеді. Оны енгізу бірқатар басымдықтарды көздейді. Мәселен, ақпаратты жинау, беру және өңдеу бойынша еңбек шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туады, электр энергиясын тұтынуды жедел басқаруды қамтамасыз етеді, ол оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді және электр энергиясын тиімсіз қолдануға жол бермейді. Бұдан басқа, жаңа жүйенің арқасында әрбір абоненттің энергия тұтынуын шынайы және жедел есепке алу қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, борышқорды дистанциялық ағыту қолданылады. Адам факторының әсерін мүлде болдырмайды, жүйе пайдаланылған электр қуаты жөніндегі әрбір электр есептегіштегі мәліметті автоматты түрде қашықтықтан алуға мүмкіндік береді. Электр қуатын тұтыну ақысын төлемейтін тұтынушыларды электр қуатынан ішінара шектейді немесе толықтай ажыратады. Желі бойындағы параметрлерді үнемі бақылауда ұстайды. Сонымен қатар, жаңа жүйенің көмегімен электр есептегіштің техникалық жағдайына сараптама жасауға жол ашылады. Жүйенің көмегімен еш қиындықсыз арақашықтыққа қарамай өзімізге керек деректерді, мәліметтерді жылдам алып отырмыз. Мамандарымыз «KEGOC», «МРЭК» сияқты мекемелер мамандарымен тәжірибе алмасу арқылы жұмыс істеуде. Қысқасы, аталмыш жүйенің пайдасы мен тиімді тұстары ұшан-теңіз, – дейді мекеме бастығы.
Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының Бейнеу – Шалқар телімі бойынша жалпы ұзындығы 287,8 шақырымды құрайды. Осы аралықты толық электрмен жабдықтау үшін жоба бойынша екі 110/10 кВ «Тұрыш», «Құрсай» қосалқы станциялары салыныпты. Станциялар қуаты 4000 кВА – ден тұратын екі күштік трансформаторлармен жабдықталған. Осы қосалқы станциялары арқылы 5 қуат беру пункттері электрмен қамтамасыз етіліп, сол пункттер арқылы 10 кВ АБ, ПЭ әуе желілеріне электр энергиясы беріліп отыр. Барлық қосалқы станцияларда, қуат алу пункттерінде заманауи электрлі құрылғылар қолданылады. Жабық таратушы қондырғыларда вакумдық ажыратқыштар орнатылған және олар жергілікті, арақашықтықты телебасқарылыммен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Бейнеу – Шалқар темір жол торабы пойыздарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін Маңғышлақ станциясында жаңа диспетчерлік орта ашылып, оған диспетчерлердің жұмысын жеделдету үшін «SCADA» атты қашықтықтан басқарылатын жүйе қойылған. Басты мақсат – авариялық жағдайлар мен ауытқулар есебін төмендету, электр энергиясының сапасын бақылау болмақ.
Дистанцияның қызмет көрсету аумағы Опорный станциясынан Түркіменстан шекарасына дейін, Бейнеу станциясынан Оазис станциясына дейін 926,8 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта дистанция 287,8 шақырымдық Бейнеу – Тассай учаскесін де қабылдап жатыр екен. Сол себепті, штат та ұлғайып, бұрын 180 адам болса, қазір 277 адамға жеткен.