Арсен Байзақ, Тараз
Жұмысшылармен кездесті
Оқуға 1 мин
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыс орталығында құрылған ақпараттық-насихаттық автокеруен тобы Тараз локомотив жөндеу депосында болып, депо жұмысшыларымен кездесті.
Ақпараттық-насихаттық топтың негізгі мақсаты тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымызды насихаттау, елдікті, егемендікті сөз ету. Жұмысшылар алдында сөз сөйлеген топ мүшелері – ЖТ-Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Асылхан Тайдақбаев пен «Нұр Отан» партиясы Жамбыл бөлімшелік бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Нуридин Қожанов ширек ғасыр аралығында салада атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Болат жолдың майталмандары, еңбек адамдарының қол жеткізген жетістіктерін мақтаныш етті. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай жамбылдық теміржолшылардың қаланың әлеуетін тасытуға қосып отырған елеулі үлестеріне зор алғыс білдірді.