Сабырхан НӘДІРБАЕВ, Қызылорда
«Сыр үміті» сыйлығы – теміржолшыда
Оқуға 1 мин
Қызылорда облыстық драма театрында көшбасшы жастарға дәстүрлі «Сыр үміті» сыйлығы табысталды. Олардың қатарында Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің жас теміржолшысы Ернар Зейнуллаев та бар.
Марапатты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тапсырып, егемен елдің жастары үшін жасалып жатқан шараларды саралай келіп, облыста жастарға сапалы білім беру, тұрақты жұмысқа орналасу және өзін-өзі дамыту үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқандығын айтты.
–Соңғы он жылдықта 200-ге жуық қызылордалық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды, олардың 80-нен астамы Қызылорда облысында жұмыс істейді. 20 мыңнан аса қыз-жігіт «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» және «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламаларына қатысты. Республикада алғаш рет біздің облыста еңбек ресурстарының балансы құрылды. 391 студент Сыр еліне қажетті мамандықтар бойынша Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алуда, 4 мыңға жуық жас түлек «Серпін» бағдарламасымен оқып жатыр. 512 озат оқушы облыс әкімінің грантына ие болды, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.