Зия СЫРДАРИН, Қызылорда
Ұлттық ойын спортпен ұштасты
Оқуға 1 мин
«Транстелеком-Қызылорда» кәсіпорнының ұжымы биылғы төл мерекесінде бірнеше спорт түрінен спартакиада өткізді. Бұл жарысты олар мемлекеттік мерекелер – «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы», «ҚР Тұңғыш Президенті күніне» және бас кәсіпорын – «Транстелеком» АҚ-ның құрылғанына 17 жыл толу құрметіне арнады.
Облыстық «Динамо» спорт кешенінде өткен жарыстың мақсаты, ұжым арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық ойын түрлерін насихаттау болатын. Спорт жарыстарына мекеменің Қызылорда торабы, Қазалы, Сексеуіл телімі және әкімшілік қызметкерлерінен жасақталған төрт команда қатыстып, олар минифутбол, шахмат, үстел теннисі, кір тасын көтеру, 100 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, сондай-ақ, ұлттық ойынның бес тас, ләңгі тебу, арқан тарту сияқты сайыстарында бақ сынасты. Ойын түрлерінде жеребе тасталып, жеңген және жеңілген командалар арасында орындар сарапталды. Жарыстың өту тәртібі төрешілер алқасымен анықталып, әр спорт түрінен жеңімпаздар анықталып, басқарушы директордың дипломдарымен кәсіподақ комитетінің демеушілігімен сый-сыйяпаттар табысталды. Сонымен қатар ұжым арасындағы І,ІІ,ІІІ орынды иеленген жеңімпаздар «Нұр Отан» партиясының алғыс хатымен марапатталды.