Қандыағаш вагон пайдалану депосының қызметкері Азамат Мыңжасаров жас теміржолшылар арасынан вагон шаруашылығының ең үздік маманы деп танылды.
Жетінші республикалық жастар форумында тиісті номинацияда аты бәйгеден озды. Елордадан жігерленіп келген ол Ұлттық компания басшысына алғысы шексіз екенін, әрі алдағы уақытта көлік компаниясының көш басында болуы үшін аянбай еңбек ететінін жасырмады. Жас вагоншы осыдан төрт жыл бұрын республикалық жастар форумында «Менеджмент жобасы» бағдарламасы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ сол кездегі президенті Асқар Маминнің алдында өз жобасын қорғаған.
Азаматтың теміржолшылар әулетінен шыққанын да айтпай кетпеуге болмас.
«Атам Мыңжасаров Әбілғазы еңбек ардагері, құрметті теміржолшы. Атамның атына кір келтірмес үшін, мүмкіндігінше абыройлы еңбек атқарғым келеді», – дейді Азамат Мыңжасаров.
Осыған дейін Хротау – Алтынсарин телімінде еңбек етіп үлгерген ол Әйтеке би станциясында вагондарға техникалық қызмет ету қосынында жылжымалы құрамның слесарі қызметін атқарды. 2008-2010 жылдар аралығында Аққұдық станциясының вагондарға техникалық қызмет көрсету бекеті басшысының міндетін атқарды. Бүгінде Қандыағаш вагон пайдалану депосы техникалық бөлімінің жетекші инженері – механигі. Алматы, Атырау, Астана, Ақтөбе қалаларында біліктілігін арттырған.