«Жолаушылар тасымалы» АҚ 1 маусымнан бастап №220/219 «Қарағанды – Балқаш» бағытындағы жолаушылар пойызын іске қосады. Бұл бағыт Қарағанды облысының тұрғындары үшін көлік қатынасын кеңейтіп, Балқаш қаласына сапарлайтын жолаушыларға қосымша мүмкіндік береді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Бағыттың жалпы ұзақтығы 472 шақырымды құрайды. Жол жүру барысында 19 аялдама қарастырылған. Пойыз күнара, тақ күндері қатынайды.

Қозғалыс кестесі

Қарағанды станциясынан:

• жөнелтілуі — 06:00

• Балқаш станциясына келуі — 12:48

Балқаш станциясынан:

• жөнелтілуі — 13:45

• Қарағанды станциясына келуі — 20:53

Пойыз Қарағанөзек, Қарабас, Құлайғыр, Қарамұрын, Дария, Жарық, Нілді, Айса, Ақадыр, Босаға, Мойынты, Бүйрек, Сарықұм станциялары арқылы жүреді.

Пойыз құрамы 6 вагоннан жасақталған: оның ішінде 2 купе және 4 плацкарт вагоны бар. Жалпы сыйымдылығы — шамамен 300 орын.

Билеттер комиссиясыз bilet.railways.kz ресми сайтында, сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында қолжетімді. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Instagram желісіндегі @jolaushylar_tasymaly ресми парақшасынан алуға болады.