Машинистен профессорға дейін: Ибрай Бисалиевтің еңбек белестері

ҚТЖ келбеті
11.12.2025, 10:28
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Жүз жылдық тарихы бар теміржолшы мамандығы ғасыр бойына ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан кәсіп. Кейінгі буын теміржолшылар да тәуелсіз елдің тарихын жасаушылар. Оның ішінде ардагер мамандар да аз емес. Солардың бірі – Бисалиев Ибрай Жолдасұлы.

Ол 1950 жылы 9 желтоқсанда Гурьев қаласында дүниеге келді. Балалық шағы да осында өтті. Бала кезінен көрген-түйгендері, алғашқы арманы да оны теміржолға қарай бағыттады. Ақыры, мектеп қабырғасынан кейін Ташкенттегі темір жол көлігі инженерлері институтына оқуға тапсырды. Бұл 1969 жыл болатын. Арада жастық шақтың ең тамаша кезі – студенттік 5 жыл да өте шықты. Ол институтты «Тепловоздар және тепловоз шаруашылығы» мамандығы бойынша бітіріп, жол инженері-механик біліктілігін алып шықты.  

Жоғары білімді маман 1974 жылы ол кезде жұмысы қайнап тұрған Мақат локомотив депосына шебер болып орналасты. Көп ұзамай әскерге кетіп, бір жылдан соң отан алдындағы борышын өтеп, станцияға қайтып оралды. Мақат станциясынан сол кездері жүздеген пойыз өтетін. Олардың бәрін қабылдап-жөнелтудің өзі үлкен күш, ал жөндейтіні, құрастыратыны, орындарын алмастыратыны, т.б. тағы бар. Бұл жерде локомотившілерге салмақ түседі. Осы жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін де шеберлік керек. Ибрай Жолдасұлы үнемі бұл істердің алдыңғы легінде жүретін. Өз жұмысын ұтымды ұйымдастыра білді.  

1979 жылы оған локомотив шаруашылығы бойынша ревизор қызметі ұсынылып, оны да абыроймен атқарды. Осыдан кейін өрлеу жылдары басталды. Гурьев локомотив пайдаланым депосының директоры, Гурьев жол бөлімшесі локомотив бөлімінің бастығы, Батыс Қазақстан теміржолы бойынша локомотив шаруашылығы қызметі басшысының бірінші орынбасары болып, ол Батыс аймақ темір жолының дамуына сүбелі үлес қосты. 1983-1991 жылдары Гурьев локомотив депосын басқарған кезде негізгі локомотив жөндеу  цехтары ТО-3,ТР-1 және қосымша шеберханалар, дөңгелек жөндеу станогі, депоның қолдауымен 5-қабатты 90 пәтерлік 3 үй, балабақша, теміржол дүкені, қалалық жылу М-2, М-3 закольцовка іске қосылды. 1991 жылы СМП-163 аумағында 10 үй салынып, жұмысшыларға берілді. Ганюшкин бекетінде локомотив бригадасына арналған демалыс үйі, екі қабатты 16 пәтерлік және 2 пәтерлік 36 үй салынды.

Одан кейінгі қызметі Астанада жалғасты: «ҚТЖ» РМК локомотив шаруашылығы Департаменті бастығының орынбасары, кейін бастығы, «Локомотив» ЕМК жөндеу бөлімінің бастығы, техникалық нормалау басқармасының бастығы сынды жоғары лауазымдарды атқара жүріп, ел теміржолының еңсесін көтергендердің алдыңғы қатарынан табылды. Он жылдай уақыт «Локомотив» АҚ президентінің Батыс аймақ бойынша өкілі болып еңбек етті. Бүгінде Ибекең Ақтөбедегі Баишев атындағы университетте «Инженерия және көліктік қызметтер» кафедрасында аға оқытушы ретінде еңбек етіп келеді. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор. 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстары мерзімді баспасөзде жарияланған. 2013 жылы «Локомотив бригадалары үшін», 2015 жылы «Тепловозы» оқу құралдарын және қазақ тілінде «Қозғалысты және локомотив паркінің жұмысын басқару», «Тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» сынды оқулықтар шығарған. Локомотивті модернизация жасау бойынша 1994 жылы Германияда, Франция, Түркияда, 1996 жылы Америка (Эри қаласы, Пенсильвания штаты), 2001 жылы Румынияда болған. Университетте еңбек еткен жылдары ішінде «Тасымалды ұйымдастыру, көлік қозғалысы және пайдалану» мамандағы бойынша жүздеген студент жастарды біліммен сусындатты. Ибрай Жолдасұлы 2000 жылы «Құрметті теміржолшы» атағының иегері атанды, 2001 жылы Ақсу-Дегелең теміржолын игеруге атсалысқаны үшін «Ақсу-Дегелең» белгісін кеудесіне тақса, «Адал еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» марапаттарының да иегері. Аттай зымырап өтіп жатқан өмір ғой. Ибрай аға да, міне, жетпіс беске келіп қалыпты, жаңа белеске шығуда. Осы орайда Атырау локомотив пайдалану депосының ұжымы, барлық атыраулық әріптестері мерейгерді жаңа белесімен құттықтап, берекелі де мерекелі ғұмыр тілейді.  

 

Жаңалықтар
25.08.2026
Бурабай курортының теміржолшысы 100 жылдық мерейтойын атап өтті
Жаңалықтар
25.08.2026
ҚТЖ жаңа жылыту маусымына 19,5 млн тоннадан астам көмір жеткізді
Инфрақұрылым
25.08.2026
Алпыс сағаттық ауқымды жұмыс
Аймақтар
25.08.2026
Үздік жолшылар ұжымы – Құлсарыда
Аймақтар
25.08.2026
Қызылордалық теміржолшылар жүк тасымалын табысты үйлестіріп отыр
ҚТЖ келбеті
25.08.2026
Қауіпті ақауды дер кезінде таныған маман
Әлеумет
25.08.2026
Ізгі дәстүр: Теміржолшылар бірінші сыныпқа баратын балаларға қолдау көрсетті
Аймақтар
25.08.2026
Ұрлық түбі – қорлық
Жаңалықтар / Мұрағат
25.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №67 25 тамыз 2026 жыл
Қауіпсіздік
24.08.2026
Қауіпсіздікке талап қашан да жоғары
Әлеумет
24.08.2026
Жамбылда 235 бүлдіршінге мектеп құралдары берілді
Жаңалықтар
24.08.2026
ҚТЖ Trip Optimizer және Kinetix-ті қолдануды кеңейтеді
Трансформация
24.08.2026
Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексерді
Жүк тасымалы
24.08.2026
Елімізде теміржол транзитін автоматтандыру аясы кеңейді
Жаңалықтар
24.08.2026
Қазақстан теміржол транзитін рәсімдеуді алты есе жылдамдатты
Жүк тасымалы
24.08.2026
Биыл ҚТЖ желісімен 184,4 млн тонна жүк тасымалданды
Жаңалықтар
24.08.2026
Қараусыз қалған мал жүк пойызының шұғыл тежелуіне себеп болды
Аймақтар
24.08.2026
Павлодарлық теміржолшылар жас спортшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Аймақтар
23.08.2026
Ақтөбе вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
23.08.2026
Қостанай облысында Тобыл вокзалын қайта жаңарту аяқталды