Мұнайлы астана төрінде

Аймақтар
27.09.2024, 13:48
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Еліміздің Батыс өңірінде жұмыс сапарымен жүрген ҚТЖ басшылығы 26-27 қыркүйек күндері Атырау өңіріне ат шалдырды.  Желілік мекемелерді аралап, теміржолшылармен кездескен сала жетекшілері бірнеше ірі станцияларда болды.

Алдымен Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласына келген олар   Атырау магистральдық желі бөлімшесінің жергілікті кәсіпорындарына барып, Құлсары белгі беру және байланыс дистанциясы мен Атырау электрмен жабдықтау дистанциясының Құлсары электрлік торабының өндірістік объектілерін аралады. Дистанциялардың жұмысымен, қызмет көрсету аясындағы құрал-жабдықтар мен техникалардың жағдайымен, олардың саланы байланыс және электрмен қамту әлеуетімен, жаңа технологияларды қолдану мүмкіндіктерімен танысты. ЭЧ-4 аудандық торап жетекшісі Еркін Нағиев картадан қызмет көрсету аясындағы құрылғылардың жай-күйі, тоқпен қамтамасыз ету, бағдаршамдар, автоматтандырылған бағыттамалы бұрмалар, т.б. жұмыс процесін көрсетіп, жан-жақты баяндады. ШЧ-11 бойынша да КТСМ, СОБ, ЭЦ посттарының жұмысы, байланыс сапасы сараланды.  

Одан әрі Атырауға жол тартқан қонақтар вагон және локомотив шаруашылықтарының негізгі объектілерін қарап шықты: Атырау – Ганюшкино, Атырау – Мақат, Атырау – Құлсары, Ганюшкино – Ақсарай, Атырау – Сағыз учаскелеріне қызмет көрсететін Атырау  локомотив пайдалану депосында 120-дан астам машинист және 80-нен астам машинист көмекшісі жұмыс істейді. Жүк және жолаушылар пойыздарына техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін Атырау вагон пайдалану депосы да вагондарды уақытылы жөндеп, жүк тасымалын жылжымалы құраммен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отыр.  

Түстен кейін Атырау қаласындағы Абай орталығында өткен жиынға ҚТЖ басшылығы мен Атырау жүк тасымалы және Магистральдық желі бөлімшесіне қарасты барлық мекеме және станция басшылары, «Кедентранссервис», «Әскерилендірілген темір жол күзеті», «Қазтранссервис», «Теміржолсу», «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы сынды серіктес кәсіпорын өкілдері түгел қатысты. Жиында жалпы өңірдегі темір жолдың жай-күйі, жергілікті мекемелер жұмысына қатысты мәселелер қа¬ралып, қысқа дайындық барысы пысықталды. Ұсыныстар тыңдалып, негізгі көрсеткіштер са-рапқа салынды. Қозға¬лыс қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, өндірістік жа-рақаттанудың алдын алу мәселелері де талқыланды.  

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Аслан Базарғалиев, Бас ревизор Жәнібек Көбеев, Магистральдық желі бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Амангелді Рахмеденов өз жұмыстары бойынша жалпы ахуалды баяндады. Жалпы, өңір темір жолының пайдалану ұзындығы 656,9 шақырымды құрайды, учаскелері дизельдік тартқышпен бір жолды, қолданыстағы сигнал беру және байланыс құралдары екі жақты автоматты блоктандырылған. Ағымдағы жылдың 8 айында 8 пайдалану көрсеткішінің 7-і орындалған. Бөлімше бойынша қозғалыс қауіпсіздігін бұзу салдарынан 5 жағдай, 1 оқиға, 4 оқыс оқиға тіркелген. Әрбір жағдай бойынша жедел талдау жүргізіліп, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылған. Дегенмен, бөлімшеде өндірістік жарақаттануға жол берілмеген. Жол сапасын жақсарту бағытында биылғы жылы жолды күрделі жөндеу жоспары 59,6 шақырым болса, бүгінгі күнге дейін оның 85 % орындалған. Қазірде Жантерек – Кенбай аралығында соңғы шақырымдар төселіп жатыр.  

Әрине, жалақы мен қаржылық жағдайдың тұрақтылығы – ең өзекті мәселенің бірі. Бөлімшеде басқа өндірістік орындармен салыстырғандағы жетекші мамандардың орташа айлық жалақысы артқан. Мәселен, бөлімше бойынша жүк кассирінің орташа жалақысы 459 мың 440 теңге құрайды. Бұл өңірдегі «Болат Жол» ЖШС мекемесімен салыстырғанда (370 000 теңге) 24% жоғары, ал «РТИ АНПЗ» мекемесімен салыстырғанда (448 988 теңге) 2% жоғары. Пойыз құрастырушының орташа жалақысы 531 мың 192 теңге. Бұл да аталған кәсіпорындардағы көрсеткіштен жоғары. Жалпы,  2021 жылдан бастап жыл сайын қызметкерлердің жалақысын көтеру бойынша жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылып жатқаны белгілі.  Компания бойынша өндірістік персонал қызметкерлерінің жалақы деңгейі 2020 жылмен салыстырғанда бүгінгі таңда өсім 88% құрады.  

Жиын барысында Нұрлан Сауранбаев жауапты басшылардан өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша сұрап, жағдайға қанықты. Оның ішінде салынып жатқан құрылыс, күрделі жөндеу бойынша жол сапасы, мұнай тасымалы, вокзалдардың жағдайы, жаңа технологиялардың қолданысы, т.б. сөз болды.  

Магистральдық желі бөлімшесі бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Аманқос Жылқыбаев қазіргі салынып жатқан жолдардың сапасы қанағаттанарлық деңгейде, балдық көрсеткіш бойынша 45 балды құрайтынын жеткізді. Құлсары станциясындағы мұнай тасымалының көлеміне қатысты бөлімше бастығының орынбасары Бекәділ Сауров өңірде мұнай тасымалының көлемі жақсы, жүк тасымалының басым бөлігі осы мұнай өнімдері тасымалы арқылы орындалып отырғанын алға тарты. Құлсары вокзалы бойынша оны бұзып, жаңа вокзалға көшу мәселесін қарастыру, вокзалдарды сапалы жөндеу де сөз болды. Сондай-ақ АСУ, маршрутризатор саласындағы жұмыстар, темір жолға қатысты басқа да өзекті мәселелер талқыланды.  

Атырау бөлімшесінің еңбек ұжымдарымен кездесуде Нұрлан Сауранбаев теміржолшыларға саланың дамуы жолындағы еселі еңбектері үшін алғыс айтты. Сонымен қатар қырыққа жуық сала еңбеккерлері мен ардагерлерді Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай құрмет грамотасы мен мерейтойлық медальмен   марапаттады.  

ҚТЖ басшысы Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен де кездесіп, Атырау вагон жасау зауытына барды. Алғашқы жүк вагондарын осы жылдың шілдесінде шығарған зауыттың өндірістік алаңы 17 мың шаршы метрді құрайды. Жылына 6-7 мыңға дейін жүк вагондары мен цистерналар шығаруды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай алаң көлемін 62 мың шаршы метрге дейін ұлғайту жоспары бар. Кәсіпорында әртүрлі бейіндегі мамандар үшін 3000 астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Атырауға сапарын әрі қарай Мақат станциясында жалғастырған басшылық  мұнда да желілік кәсіпорындар жұмысымен танысып, инфрақұрылымды қарап шықты. Салаға қатысты әртүрлі мәселелер сөз болып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Мақат станциясы – аймақ темір жолының жүрегі саналатын Атырау бөлімшесінің ірі тораптық станциясы.    

Жаңалықтар
27.02.2026
«КСО» АҚ-да референдум талқыланды
Жолаушылар тасымалы
27.02.2026
Жолаушы пойызға үлгермей қалған жағдайда не істеу керек?
Цифрландыру
27.02.2026
Теміржолдағы технологиялық серпіліс
Жаңалықтар
27.02.2026
Апаттың алдын алғандар
Спорт
27.02.2026
Шаңғы жолындағы жарыс
Жаңалықтар
27.02.2026
Колледж бен жұмыс берушілер бас қосты
Жаңалықтар / Мұрағат
27.02.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №15 27 ақпан 2026 жыл
Жаңалықтар
26.02.2026
Ақтөбе теміржолшылары Мемлекеттік кеңесші мен жұртшылықтың қатысуымен конституциялық реформаны талқылады
Жаңалықтар
26.02.2026
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» жаңа Конституциясының жобасын талқылады
Жаңалықтар
26.02.2026
Алматыда III Халықаралық ESE ASIA-2026 көлік форумы өтеді
Станция тынысы
26.02.2026
Атырау станциясының тыныс-тіршілігі
Станция тынысы
26.02.2026
Жіңішкенің жүктемесі жоғары
Инфрақұрылым
26.02.2026
Маңызды инфрақұрылымдық жобалар сөз болды
Аймақтар
25.02.2026
Атырау станциясының үздік маманы зейнет демалысына шықты
Әлеумет
25.02.2026
Рамазан – мейірім айы
Жаңалықтар
25.02.2026
ӘТЖК-да Конституцияны талқылау
Жаңалықтар
25.02.2026
Қазақстан теміржол өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттайды
Әлемде
25.02.2026
Қытайда Көктем мерекесі кезінде 2,8 миллиард адам тасымалданған
Әлемде
25.02.2026
Қытайдан Тәжікстанға алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты
Әлеумет
24.02.2026
Ел болашағы туралы диалог