Сән-салтанат та, марапат та қарапайым еңбек иелеріне арналды

Аймақтар
02.08.2025, 18:15
Оқуға 3 мин
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Тамыздың алғашқы жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мерекені биылдан бастап «Теміржолшылар күні» деп меншіктеп алған сала мамандары бұл күні құрмет пен қошеметке бөленді. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қарапайым адал еңбек иелеріне биыл екі есе көңіл бөлініп, мерейлері асып жатты. Тараз қаласындағы теміржолшылар саябағы атанып кеткен «Түрксібте» ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Сән-салтанат та осында, қошемет пен марапат та осында.

Мерекелік жиында «Қазақстан теміржолы - Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Жұмысшы мамандықтар жылында» қарапайым еңбек иелерінің мәртебесін көтеруге мән беріліп жатқанын, бұл өз кезегінде жастардың жұмысшы мамандықтарға, оның ішінде теміржол саласына келуіне ықпал ететінін айтып өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы келіп қатысып, адал еңбегімен өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан сала мамандарына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін тапсырды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің Құрмет граматолары және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Қанатбек Мәдібек өз сөзінде теміржолшылардың еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға зор үлес қосып отырғанын айта келіп, биыл Жамбыл өңірінде 5 бірдей вокзалдың күрделі жөндеуден өтетінін тілге тиек етті. «Соның ішінде Тұрар Рысқұловтай тұлғаның маңдайының тері сіңген Түрксіб пен Адамзаттың Айтматовы атанған жазушының табаны тиген Боранды станциясының қайта жаңғыртылуы үлкен қуаныш», - деді облыс әкімінің орынбасары.

«Құрметті теміржолшы», ІІІ дәрежелі «Теміржол даңқы» медальдары, «Адал еңбегі үшін», «Үздік жас маман», «Үздік вагоншы», «Үздік энергетик» сынды жоғары кәсіби біліктілігі үшін берілетін төсбелгілерді және «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын «Қазақстан теміржолы - Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов, «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Мейрамбек Кенжебаев, Жамбыл жол бөлімшесінің қауіпсіздік бойынша бас ревизоры Медет Қолдасов, Теміржолшылар кәсіподағы Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев тапсырды.

Сонымен қатар, «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Мейрамбек Кенжебаев, Жамбыл жол бөлімшесінің қауіпсіздік бойынша бас ревизоры Медет Қолдасовқа «Үздік еңбек адамы» төсбелгісі табыс етілді.

Биыл теміржолшылар кәсіподағы ұйымының құрылғанына 120 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай кәсіподақ ұйымы теміржолшыларды «Теміржолшылар кәсіподағына – 120 жыл» төсбелгісімен марапатталды. «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» және «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалы директорларының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылған сала мамандарының қатары биыл былтырғыдан да көп болды.

Теміржолшылар күнінде саланың ардагерлері де ұмыт қалған жоқ. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Найманбаев тоқсан жастан асқан Абдуалы Данаев бастаған қарияларды мерекелік шараға арнайы шақырды. Төрге оздырып, құрмет көрсетілді.

Салтанатты іс-шара соңын концерттік бағдарламаға ұласып, киіз үйлерде теміржолшыларға арнап мерекелік дастархан жайылды.

 

 

Инфрақұрылым
06.10.2026
Биыл елімізде 1 056 шақырым теміржол жол жаңартылды
Жаңалықтар
06.10.2026
ҚТЖ локомотив паркі 18 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
06.10.2026
Алматы-1 вокзалы жаңа келбетпен ашылмақ
Жаңалықтар
06.10.2026
«Нұр Жолы – Қорғас» бағытында жүк күту уақыты 10 есеге қысқарды
Жаңалықтар
06.10.2026
Жаңа мамандықтарға сұраныс бар
Цифрландыру
06.10.2026
«Цифрлық станция» мен «Автоматты диспетчер»: үздік жобалар анықталды
Трансформация
06.10.2026
Теміржолшы құрметіне зертхана ашылды
Цифрландыру
06.10.2026
Вайбкодинг: болашақ мамандарға жаңа мүмкіндік
Аймақтар
06.10.2026
Жас теміржолшылар Ертіс жағалауын абаттандырды
Аймақтар
06.10.2026
Өндірістегі он күн: болашақ теміржолшылар тәжірибе жинады
Аймақтар
06.10.2026
Теміржолдың төл тарихын жасағандар
Аймақтар
06.10.2026
Қарттарым – қазынам: теміржол ардагерлері бас қосты
Аймақтар
06.10.2026
Үлкенге құрмет – ұрпаққа міндет
Аймақтар
06.10.2026
Теміржолшы еңбегі елеусіз қалмайды
Жаңалықтар / Мұрағат
06.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №79 06 қазан 2026 жыл
Инфрақұрылым
05.10.2026
Алтынкөлге апаратын теміржол желісінде екінші жол іске қосылды
Аймақтар
05.10.2026
Павлодар облысында Ақсу-2 станциясы вокзалын жаңарту аяқталды
Инфрақұрылым
05.10.2026
Қазақстанда тағы 800 шақырым теміржол салынып жатыр
Жаңалықтар
05.10.2026
Ақтау портында теңіз түбі 7 метрге дейін тереңдетіледі
Жүк тасымалы
05.10.2026
Қазақстан мен Беларусь арасындағы теміржол тасымалы 19 пайызға өсті