Модульдік ғимараттар мен жылыну қосындары – екі бөлек дүние

Әлеумет
02.02.2024, 10:03
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Соңғы күндері әлеуметтік желіде «ҚТЖ-ның модульдік ғимарат дегені осы ма?» деп жылыну қосындарын бейнежазбаға түсіріп салған блогерлер елді шулатты. Алайда ол екеуінің айырмашылығы жер мен көктей екенін осы салада еңбек ететін теміржолшылар ғана біледі. Бүгін біз Магистральдық желі дирекциясы басшылығына осы мәселемен жүгініп, екі нысанның айырмашылығын, жалпы салада теміржолшылардың еңбек жағдайын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталуды жөн көрдік.

Жыл он екі ай жол бойында жүріп, ашық аспан астында жұмыс істейтін жолшылар, байланысшылар немесе электрмонтерлер секілді кәсіп иелері үшін Ұлттық компания былтырдан бері суық пен ыстықта, боран мен дауылда пана болар осындай модульдік ғимараттар мен жылыту қосындарын орната бастады. Басты мақсат – жұмысшылардың еңбек және санитарлық-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бірі аз уақытқа, бірі ұзақ мерзімге демалуға арналған екі бөлек дүниені шатастырып, желіні шулатқан адамдардың әрекеті жанашырлық деуге келмес. Себебі атқарылып жатқан орасан зор шаруаны теріске шығару қай жағынан алсақ та дұрыс емес. Темір жол бойында пайда болған сыртында ҚТЖ логотипі бар, шағын ақшаңқан ғимараттарды пойызбен сапар шеккен жолаушы көргені анық. Олардың көлемділеуі апталап тұруға арналған 4 түрлі модульдік ғимараттар, яғни кәдуілгі үй секілді, ішінде жатын орны, ас ішетін, жуынатын жері бар, тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, ауа батпағыш – бәрі бар. Ал ішінде тамақтанатын үстел-орындығы мен пеші бар шағын нысан – жылыну қосындары. Яғни далада жұмыс істеп жүрген теміржолшылар жақын жердегі қосынға барып қыста жылынып, жазда көлеңкеде салқындап, бір мезгіл аяқ суытып, тамағын ішіп, тыныс алатын орын.  

ҚР Үкіметінің №693 қаулысымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы филиалы 2023 жылы отандық өндірушілермен 4-10 адам сыятын, теміржолшылардың тұруы мен демалуына арналған 256 мобильді модульдік ғимарат алуға келісімшарт жасасты. Соның 132-сі былтыр орнатылса, қалған 124-і биыл орнатылады. Мұндай модульдік ғимараттардың 4 түрі болады №1 түрі – 4 адамдық, ауданы 15 шаршы метр, ішінде демалатын, ас ішетін бөлмелері, душ қабылдау орны, ас-үй жабдықтары, теледидар, киім ілетін шкаф, желдеткіш, тоңазытқыш, қысқатолқынды пеші бар. Әрқайсысы 282 900 теңге тұратын осындай бірінші типтегі модульдік ғимараттардың былтыр 30 данасы алынып, теміржол бойына қойылып, теміржолшылар игілігіне берілген.  

№2 түрі – жылжымалы ғимараттар, оларды бір орыннан екінші орынға көшіруге болады, 8 адамдық, ауданы 30 шаршы метр. Жалпы 4 түрінің ішінде біріншісінде және екіншісінде ғана әжетхана сыртта, қалғандарында іште. Дегенмен барлығына бірдей сыртқы әжетханасы қоса беріліп, орнатылады. Екінші түрінің өткен жылы 87 данасы алынған.  

№3 түрі – 10 адамдық модуль ғимаратының аумағы 75 м2 , онда душ қабылдау орны екеу және әжетханасы да екеу. Бұл түрінен 43 данасы орнатылған. Соңғы №4 түрі бойынша 96 ғимарат сатып алынған, ол да 10 адамдық, аумағы 106 шаршы метр. Мұның ерекшелігі – ішінде теміржолшылардың таңғы жұмыс жиынын өткізетін «табельный» болуы. Міне, мұндай ұзақ уақыт тұратын модульдік ғимараттарда теміржолшылар үшін жайлы жағдай жасалған. Барлық қажетті жиһаздар мен жабдықтардан бөлек инженерлік желілері де тартылған, киім кептіретін арнайы шкафтары да бар. Қар мен жауын астынан келген жолшылар үшін қолайлы жағдай бар. Модульдік ғимараттардың жатын бөлмелерінде екі ярусты кереуеттер қойылған.  

– Модульдерді қою себебіміз неде? Қазір заман басқа. Бұрынғыдай шағын бекеттерде ата кәсібін жалғастырып, сол жерде қалатын ұрпақ азайды. Өткен ғасырларда атадан балаға жалғасып, үлкен династиялар сол бекеттерде өмір сүріп, теміржолшы болып қалатын. Бүгінгі мәселе – жастардың бәрі қалаға қашып жатқасын осы шалғай бекеттер мен олардың арасындағы перегондарда жол күтімін жасайтын теміржолшылар жетпей жатыр. Олар сырттан, басқа станциялардан қатынайтын болғандықтан тұратын жер керек. Әрі ол тұратын орынның жайлы болуы қажет. Сонда ғана теміржолдарымыздың күтімін жасайтын тұрақты жұмысшыларды ұстап отыра аламыз, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының бас инженері Қайырбай Орынбаев.  

Ал Жылыну қосындары туралы айтсақ, былтыр мұндай шағын қосындардың 1224 данасы қойылған. Дирекция «KTZ Express» компаниясының есебінен шығарылған контейнерлерді алып, қаптап, ішіне керек жабдықтарын қойып, пайдаға асырған. Дайын күйінде сатып алар болса, оның шығыны өте көп болар еді. Яғни, экономикалық шығыны жоқтың қасы, ең үнемді жоба. Бұл қақаған аязда, қатты боранда, нөсер жауында далада жұмыс істейтін теміржолшылар үшін жасалған нәрсе. Шағын қосындар ішінде қатты отын арқылы жылытылатын пеші, орындық пен үстелі ғана бар. Қабырғалары суық өтпейтіндей арнайы материалдармен жақсы қапталған. Әрқайсысының салмағы 5 тонналық шағын контейнерлердің ауданы 5,7 шаршы метр ғана. Мұндай ас ішіп, аяқ суытатын қосындар әсіресе жұмысының 90 пайызы түзде өтетін жолшылар үшін аса қажет.

 

Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді
Жолаушылар тасымалы
21.08.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзартты
Трансформация
21.08.2026
Машинажасау саласы қалай дамуда?
Инфрақұрылым
21.08.2026
Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды
Аймақтар
21.08.2026
Шу теміржолшылары мен полиция бірлескен рейд өткізді
Аймақтар
21.08.2026
Атырауда «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында 8 өткелде рейд өтті
Аймақтар
21.08.2026
Үздік вагон депосы – Маңғыстауда
Аймақтар
21.08.2026
Шалқар жол дистанциясы аумағында жыл басынан бері 5 мал басу оқиғасы тіркелді
Әлеумет
21.08.2026
Білім күніне базарлық
Әлеумет
21.08.2026
Есте қалатын ерекше күн
Жаңалықтар
21.08.2026
Донорлар қатары артуда
Жаңалықтар / Мұрағат
21.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №66 21 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ станцияларды басқарудың жаңа цифрлық платформасын енгізуде
Трансформация
20.08.2026
Қазақстанда локомотив пен вагон өндірісі еселеп өсті
Инфрақұрылым
20.08.2026
Ақшолақ – Үшбұлақ аралығында ауыр жол техникасын қолдана отырып, темір жолы сауықтырылуда
Жаңалықтар
20.08.2026
Қазақстан Орталық Азияның теміржол желісін жаңғыртуға негізгі үлесті қосуда
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ ALT University-мен ынтымақтастықты дамытуда
Әлемде
20.08.2026
Қытай 2026 жылдың алғашқы жеті айында жолаушылар ағыны бойынша жаңа рекорд орнатты
Жаңалықтар
20.08.2026
Жыл басынан бері пойыздардың 44 әйнегі сынған
Әлемде
20.08.2026
Қырғызстан неліктен «Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан» теміржол жобасының ұзын әрі қымбат бағытын таңдады?