"Қазақстан темір жолы" дамуының жаңа стратегиясы

Трансформация
05.10.2020, 15:53
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметінде уақыт талабына сай жаңаша бетбұрыстар мен өзгерістер белең алуда. Соның бірі – 2029 жылға дейінгі уақытты қамтитын Компания дамуының жаңа стратегиясы. Бұл жаңа стратегияға сәйкес Ұлттық компания алдына бес маңызды мақсат қойып отыр.

Олар компанияны қаржылық тәуекелділік аймағынан шығару және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, компания тиімділігін арттыру, клиенттердің көңілінен шығу, пойыздардың кепілдендірілген қозғалыс қауіпсіздігі және компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету болмақ. Қазіргі сандық технология ғасырында бұл мақсаттарға қол жеткізудің бірден-бір құралы ретінде биыл іске қосылғанына бір жыл толып отырған «Цифрлық трансформация» бағдарламасын атар едік. Себебі, бұл бағдарлама стратегия мақсаттарын негізге ала отырып, компанияның операциялық тиімділігін, бағаны және де инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Әлбетте, бұл бағыттарда атқаратын міндеттер жеткілікті. Өзге елдің теміржол компанияларының көрсеткіштерімен салыстыра жасалған талдау, ұлттық компанияның тоқтаусыз дамуын және даму үшін резервтердің бар екендігін айқындай түсті. Мәселен, ел компаниясындағы еңбек өнімділігі Ресей теміржолымен салыстырғанда екі есеге төмен болса, China Railways және солтүстік америкалық теміржол компанияларымен салыстырғанда бірнеше есеге артта қалып отыр.

Егер 1 км пайдаланымдағы жолға шаққандағы қызметкерлер санын Ресей темір жолымен салыстырсақ, онда Компанияның көрсеткіштері тең дәрежеде, ал Deutsche Bahn-ге қарағанда 28%-ке төмен, ал солтүстік америкалық теміржолмен (САТЖ) салыстырғанда айтарлықтай артта қалғанын көрер едік. Техникалық және технологиялық көрсеткіштерде де кемшін тұстар аз емес. Мәселен, Ресей темір жолдарының жүк тиелген бағдарлар үшін вагондар жүрісінің кепілдік иіні бүгінде 2200 км құраса, ҚТЖ компаниясында вагондардың кепілдік жүрісінің орташа қашықтығы 215 шақырымнан аспайды. РТЖ-да ұзартылған иіндер бойынша локомотивтердің өтуі 1500 км-ден 4000 км дейінгі аралықты құраса, ҚТЖ-да локомотивтерді ағытпай-ақ жүріп өткен орта қашықтық небәрі 500 км құрайды. Осыдан-ақ, көрші елмен салыстырғанда көрсеткіштердің қаншалықты төмен екенін байқаймыз. 

Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін ұлттық компания цифрлық трансформация бағдарламасында қарастырылған шаралар кешенін жүзеге асыру арқылы жүк айналымының өнімділігін 2018 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 70% дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бірінші кезекте, бұл жүк айналымын 43 000 млн ткм дейін ұлғайту есебінен жүзеге аспақ. Екіншісі, 13 000 астам бірлік санын оңтайландыру бойынша шаралар іске асырылмақ. Бұл арада, айтпақ ойымыз айқын болу үшін ұйымдастырушылық құрылымға егжей-тегжейлі тоқталмасқа болмас. Мәселен, САТЖ-ның барлық құрылымы негізгі кіріс әкелетін бизнес бағыттарын дамытуға басымдық беріп құрылған. Қалған қосымша қызмет мамандандырылған мердігер компаниялардың күшімен қамтамасыз етіледі. Ал бізде ше? Компания құрылымында автокөлік, арнайы техника мен ғимараттар күтімі сияқты тағысын тағы қызмет түрлері тым ауқымды.

Ал мұндай сервистер едәуір адами және ақшалай ресурстарды қажет ететіні белгілі. Мысалға автокөлік пен арнайы техниканы алайық. Компания меншігінде 3111 бірлік автокөлік және арнайы техника, қала берді тозығы жеткен 514 гараж бар екен. Ал олардың күтімі, жүргізушілердің жалақысы, отынның жыл сайын өсіп отыратын бағасы, қажетті қосалқы бөлшектер, тағысын тағылар қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан Компания үшін ең тиімдісі бұл қызметтерді нарықтан тарту болмақ. Яғни, Ұлттық компания бұл қызметтерді нақты пайдаланған сағатына ақша төлеу арқылы сатып ала алады. Осылайша, профильді емес қызметтерді бәсекелес ортаға шығару арқылы компания 2018 жылдан бері 3546 бірлікті оңтайландырды.

Еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін келесі жоба өндірістік бастамалардың қолға алынуымен байланысты. Әрине, жобалардың жүзеге асуы, автоматтандыру, жаңа технологиялардың енгізілуі бизнес-процестерді оңтайландырумен қатар бұрын осы жұмыстарды атқарып келген адамдар санын да оңтайландыруға алып келері анық. Мысалы, енгізіліп жатқан «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» жобасы шеңберінде 2 мыңнан астам штаттық бірлік, ал «Магистраль» АБЖ жобасы шеңберінде 6 мобильді диагностикалық кешеннің енгізілуімен дефектоскопиялық арбалар операторларының штаты 900 бірлікке дейін оңтайландырылмақ. Әрине, аталған жобалардың іске асырылуы барысында жұмысы қысқарғандар үшін қайта оқыту және жұмыс қолы жетпейтін учаскелерге жұмысқа орналастыру шаралары қарастырылған. Әрбір жұмыссыз қалған қызметкер үшін еңбекпен қамтудың жеке бағдарламасы, қала берді зейнетке шығуға жасы таяп қалған қызметкерлерді ерте зейнетке шығару бағдарламасы бар. Және де бұл бағдарлама күрделі еңбек жағдайында жұмыс істейтін және денсаулығы сыр берген зейнеталды азаматтар арасында қолдау тауып отыр. Мәселен, мобильді диагностикалық кешендерді енгізу есебінен 2018 жылдан бері 444 бірлік оңтайландырылған болса, қызметкерлердің 93% жұмысқа орналастырылған немесе зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігіне ие болған. Бұдан бөлек, Компанияда сырттан жұмысқа жаңа қызметкерлерді алуға тыйым салған мораторий жарияланып отыр. Бұл да жұмыстан босатылған қызметкерлерді еңбекпен қамту үшін үлкен резерв болмақ. Өйткені, компаниялар тобында өз еркімен жұмыстан кеткен мамандардың орнын жыл сайын сырттан алынатын 10 мыңнан астам адам алмастырады екен. Енді мұндай қажеттілік жоқ. Штатты оңтайландырудың ұтымды бір жағы, ол еңбекақының өсу мүмкіндігі. «Біздің жоспар бойынша 2024 жылға дейін қызметкерлердің еңбекақысы кем дегенде 35% өспек. Яғни, штаттық бірлікті оңтайландырудан түскен еңбекақы қорының резервтері қысқартылмай, қызметкерлер жалақысын көтеруге бағытталатын болады. Мұны Директорлар Кеңесі де қолдап отыр.

Сонымен қатар бүгінде бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі әзірленуде. Бұл жүйе бойынша Компания қорытындыларына әрбір қызметкердің қосқан жеке үлесі, жеке нәтижелеріне басымдық берілетін болады. Мұндай тәсілдеме жол монтерлері арасында әрбір жұмыскердің еңбекке қатысу коэффициентіне (ЕҚК) байланысты сыйақыландыру шарты бойынша пилотталып жатқанын айтар едік», – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының HR және корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов. 

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12 мыңнан астам жол монтерлері мен бригадирлері үшін ЕҚК бойынша тәсілдеме енгізілген болатын. Сыйақының мақсатты мөлшері тарифтік мөлшерлеменің 10% құраған еді. Алайда, тамыз айында сыйақының мақсатты мөлшері 20% дейін өсті, оған себеп, монтерлерге арналған ЕҚК бағдарламасы тиімділігін көрсетті. Осылайша, ЕҚК арқасында жол монтерлері еңбекақысының деңгейі 12% дейін, ал бригадирлердікі 15% дейін өсті. 

Мұнымен қатар салалық жарыс принципі бойынша рейтінгілік бағалау қорытындыларына сүйене отырып, өндірістік персонал қызметкерлерін тоқсан сайын сыйақыландыру жүргізіліп келеді. Тағы бір жағымды жаңалық, осы жылдың маусым айында жолаушылар вагондарының жолсеріктері мен локомотив бригадаларын сыйақыландыру ережесі бекітіліп, ол осы жылдың 4-тоқсанынан бастап енгізілмек. 

Аймақтар
17.07.2026
Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
17.07.2026
Жаздың басынан бастап ҚТЖ теміржолдағы қауіпсіздік бойынша республикалық акциялар өткізуде
Жаңалықтар
17.07.2026
«Қазтеміртранс» АҚ 2032 жылға дейін 13 мың жүк вагонын сатып алады
Аймақтар
17.07.2026
Семей магистральдық желі бөлімшесі жартыжылдықты табысты қорытындылады
Аймақтар
17.07.2026
Сексеуіл теміржол торабында жүк тиеу жоспары асыра орындалды
Аймақтар
17.07.2026
Ганюшкинодағы жаңа вокзал қызметкерлерін Атырау телімінің басшылығы құттықтады
Жаңалықтар
17.07.2026
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ұжымына жаңа Конституцияның ережелері түсіндірілді
ҚТЖ келбеті
17.07.2026
Дарақ бір жерден көгереді
Қауіпсіздік
17.07.2026
Ақтөбе станциясында күйдіргіге қарсы оқу-жаттығу өтті
Спорт
17.07.2026
Аядай бекеттегі Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
17.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №54 17 шілде 2026 жыл
Жаңалықтар
16.07.2026
Магистральдық желі дирекциясының басшылары Арқалықта жұмыс сапарымен болды
Жаңалықтар
16.07.2026
ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойыздары Ақмола және Павлодар облыстарындағы дала өрттерін сөндіруге қатысты
Аймақтар
16.07.2026
Еңбек процесін оңтайландырған жоба
Жолаушылар тасымалы
16.07.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосады
Жүк тасымалы
16.07.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ басшылығы Шанхайда бірқатар екіжақты кездесу өткізді
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ Шанхайда қытайлық серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойды
Әлемде
15.07.2026
Үндістан теміржолы жүк тасымалын жеңілдетуде
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ теміржол желісінің 1 056 шақырымында цифрлық автобұғаттау жүйесін енгізді