Көктем туа оңтүстік өңірде жол жұмыстары жанданып қоя берді. Жол және құрылыстар департаменті алға тартқан мәліметтерге сүйенсек, Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Меңлібай-Көктерек станциялары аралығында шаруашылық тәсілмен күрделі жөндеу жұмысы басталған.

– Жалпы наурыз айында 11 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Ағадыр ПЧМ мекемесінің ұйытқы болуымен биыл 50,6 шақырым жолға шаруашылық тәсілмен, ал мердігерлік тәсілмен 499,9 км жолға күрделі жөндеу жүргізілмек. Алайда, мердігер мекемелер тарапынан әзірше жөндеу жұмыстары бастала қойған жоқ. Олардың өз жұмыс кестелері бар, – дейді Жол және құрылыстар департаменті директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Танабаев.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірде күрделі жөндеу енді қолға алынғанымен, күшейтілген орта жөндеу жұмысы қаңтардың соңын ала басталып кетіпті. Оған қысы жұмсақ, жаймашуақ өңірдің ауа райы да қолайлы болған. Жалпы, 2022 жылы еліміз бойынша 70 шақырым жол күшейтілген орта жөндеуден өтпек. Биыл бұл жөндеу түрі Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің Жамбыл-Қаратау телімінде УК-25 кранын пайдалана отырып, 30 қаңтарда басталған. Бүгінгі таңда 12,6 км жол немесе межелі жоспардың 18% орындалған. Наурызға жоспарланғаны – 21 км. Келесі бір жөндеу түрі – рельс табанын тұтастай алмастыру арқылы темір жолдарды жаңғырту. 2022 жылы бұл бағыт бойынша 164,47 км көлемінде жұмыс жүргізілмек. Қазір оның да 16% жуық көлемі орындалып қойған. Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Бейнеу-Шалқар телімінде рельс табанын тұтастай алмастыру жұмысы ақпанда басталыпты.

– Үстіміздегі жылы 75 шақырымнан астам жолдың рельс тіректерін тұтастай алмастыру жұмыстары да қарастырылып отыр. Кеше, 10 наурыз күні Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің Меңлібай-Көктерек арасында СМД-80 жол машинасын пайдалана отырып, бұл жұмысқа кірістік. Наурыз айында 5 км көлемінде рельс тіректерін ауыстыру межеленген, – деп соңғы ақпаратпен бөлісті Нұрсұлтан Танабаев.