«Integra Construction KZ» – жол құрылысының көшбасшысы

Сұхбат
03.07.2026, 09:01
Меруерт Өмірзақова

Тоқсаныншы жылдардың соңында нарықтық экономикаға енді көше бастаған Қазақстанда теміржол салу және жөндеу қызметін ұсынған «Жол жөндеуші» кәсіпорыны құрылды. Бүгінде «Integra Construction KZ» ЖШС аталатын компанияның Бас директоры Мадияр Саттыбаевпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Мадияр Бейбітұлы, отандық нарықта алғашқы болып тыңнан түрен салған шағын мекеме бүгінде жол құрылысы мен жобасын жүргізіп, күрделі жөндеу мен реконструкциялауға маманданған, халықаралық нарықта мойындалған ірі компанияға айналды. Осы отыз жылға жуық уақыт сіздерге не берді?  

– «Жол жөндеуші» компаниясы құрылғалы бері негізгі қызметі ретінде теміржолды күрделі жөндеу бағытын ұстанып келеді. Бүгінде «Integra Construction KZ» ЖШС атанған мекемеміз қызмет бағытын әртараптандырып, автожол, тұрғынүй, теңіз және құрлық порттарын салу, инженерлік жүйелер, спорт және мәдени, білім беру бөліктерінен тұратын азаматтық құрылыс тәрізді тармақтарда көкжиегін кеңейтіп отыр. Десек те, теміржол құрылысы әлі де басты бағытымыз екенін айтып өткім келеді.  

Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік жылдары жаңа теміржол желілерін салу айрықша қарқын алды. Біздің құрылыс компаниясы нарықтың белді әрі ірі ойыншысына айналды. «Ақсу – Дегелең», «Хромтау – Алтынсарин», «Жетіген – Қорғас», «Жезқазған – Сексеуіл», «Арқалық – Шұбаркөл» сынды жобалардың барлығына атсалыстық. Жұмыс көлемі артқан сайын біздің де ауқымымыз кеңи түсті. Қызылорда мен Қостанай және Алматы қалаларында 3 дирекция құрылып, оларға 19 өндірістік база қарайтын болды. Теміржол төселетін жердің топырағын дайындап, оған қос рельс пен шпал төсеу, байланыс пен белгі құралдарын орнату, көпір мен жасанды құрылымдар салу секілді көптеген маңызды іс-қимылды толық қамтитын тиімді басқару үдерісін жасақтадық. Халықаралық ауқымда да тәжірибе жинап, мәселен, Әзірбайжан мен Ауғанстанда теміржол салдық.  

– «Integra Construction KZ» ЖШС тарихына айналған жобаларды атай аласыз ба? Компанияның техникалық паркі қандай? 

– Баршаға белгілі, тіпті 1000 шақырымға созылған «Жезқазған – Бейнеу» желісі теміржолшылар арасында «Ғасыр құрылысы» деген атауды иеленді. Келесі 836 км «Достық – Мойынты» магистралі де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды теміржол жобасының бірі саналады. Осы құрылыстың бәрінде қолтаңбамыз қалғаны біздің де тарихымыз деп білеміз.  

Ал техникалық паркке келсек, барлығы 3 мыңнан астам техникамыз бар, ірілерінен бөлек шағын механизация құралдарын да пайдаланамыз. Соңғы жылдары авто-трактор паркін түгел жаңарттық. Қазіргі кезде жұмысты кешенді жүргізу үшін жаңа жол төсеу, түзеу машиналары алынып жатыр. Осы күнге дейін 4 мың км теміржол салып, 8 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жұмысын жүргіздік.  

– Бәсекелестеріңіз кім, өздеріңізді монополист сезінесіздер ма? Компания тарихында қиын жылдар болды ма, жалпы басты қиындық немесе кедергі неде?  – Integra өзін монополист деп айта алмайды. Себебі, өздеріңіз білесіздер, Қазақстан нарығы барша қатысушыға ашық, бәсекелестік жоғары. Біз тек сапа мен құрылыстың уақытылы аяқталуына кепілдік береміз. Ал компания қиындықтарға жолықты ма дегенге келсек, әлбетте осы отыз жылда талай сын сағаттар болды. Бірақ олардан біз сабақ алмасақ ұтылған жоқпыз. Қайта шыңдалып, деңгейіміз өсіп, дамыған күйде шықтық. Оны көзі қарақты оқырман қазіргі жұмыс қарқыны мен бағындырған белестерден аңғара алатыны анық.  

– Әрине, кез келген компанияның дамуы ең алдымен қаржылық жағдайына байланысты, бұл тұрғыда алпауыт компанияның ахуалы қалай?  

– Біздің ең басты құндылығымыз – кадрлық әлеует, адамдарымыз. Сондықтан оларға өнімді еңбек етіп, жақсы өмір сүруі үшін барынша жағдай жасалады. Бұл дегеніміз, еңбек нарығында қабілетті жалақыдан бөлек жайлы ахуал, әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Нысандар әртүрлі жерде орналасқандықтан, жұмыскерлердің жүріп-тұруына, тамақтануына және тынығуына, арнайы киімі мен қорғаныс заттарына жеткілікті көңіл бөлінеді. Ол үшін құрылыс телімдеріне үнемі барып, ахуалды көзбен көріп, жан-жақты бағалап, зерделейміз, жұмысшылардың пікірлерін білеміз. Осының бәрі тоғысып келіп, біте-қайнасқан берекелі жұмыстың жемісі қаржылық жағдайды нығайтады. Егер бізді ел ішінде және шетелде танып, мойындап жатса, бұл табыстың артында бірінші басшыдан бастап қарапайым жұмысшыға дейін жалғасын тапқан қыруар еңбек тұр.  

– Компанияның жетістігі мен мақтанышы не дер едіңіз?  

– Біздің басты ұстанымымыздың бірі – өзіміз жауапкершілігімізге алған құрылыстарды уақытында, тіпті ерте, толыққанды аяқтауға тырысу. Жол құрылысымен шектеліп қалмай, түрлі салада бағымызды сынап көрудеміз. Каспий теңізі жағалауында Құрық паром кешені инфрақұрылымын түзіп, жылдық өткізу қабілеті 240 мың жиырма футтық контейнер болатын Ақтау халықаралық контейнерлік хабының құрылысын мерзімінен бұрын аяқтадық. Ал Алматыдағы біз салған сел тасқынынан қорғайтын «Аюсай» бөгеті 500 мыңнан астам адам мен 2 мыңға жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді. Атырауда газ өңдеу зауыты, Түркістанда бу-газ қондырғысы сияқты өнеркәсіп нысандарын салудамыз. Мысалға Қазақстан бойынша «Келешек мектептері (Жайлы мектеп)» ұлттық жобасы аясында 15 мектеп салдық. Айтқым келгені, компаниямыз бір бағытта ғана тұйықталып қалмай, түрлі дағдыны игерген, ортақ іске жұмылған батыл командасымен мақтанады.  

– Демек, компания теміржол құрылысынан бөлек әлеуметтік жобаларды да табысты жүргізіп отыр, қызмет көрсету спектрін әртараптандырумен қатар әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобалар да бар болар?  

– Иә, жоғарыда айтып өттік, басты бағытымыз жол құрылысы болса да мектеп, тұрғын үй салу сияқты әлеуметтік жобаларды да орындаймыз. Бұдан бөлек, қайырымдылық қызметіне де көңіл бөлеміз. Мысалы, Integra Алматы қаласындағы «Бағанашыл» балалар үйін қайта жаңғырту жобасының бас мердігері болып табылады. Жоба компанияның жеке қаражаты есебінен толық жүзеге асырылып, тәрбиеленушілер үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Құрылысты қаланың ардагерлер кеңесімен бірге балалардың өздері бақылап отырады. Арнайы сараптама қорытындысында тұруға жарамсыз бөліктері сүріліп, жөндеуге болатыны бүтінделетін жаңа кешен құрылысы 2026 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Ондағы, яғни №2 арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының 170-ке жуық тәрбиеленушісін таяуда ғана Көлсайға апардық. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленді. Олар Көлсай көлінің жағалауында серуендеп, спорттық және шығармашылық шараларға қатысты әрі киіз үй қалашығында демалып, тамақтанды.  

– Кез келген табысты компанияның тасасында қуатты кадрлық әлеует тұрады, Integra оны қалай қалыптастырды?  

– Кадрларымызды сақтап қана қоймай, олардың біліктілігін арттыру – компания саясатының басым бағытының бірі. Сол үшін ішкі оқуға, мамандар қорын қалыптастыруға күш салып, еңбек өтілін жинау, тағылымдамадан өту бағдарламаларын енгізіп жатырмыз. Одан тыс, университет-колледж қабырғасынан жас та іскер буын тәрбиелеп, тәжірибеде қанатын қатайту үшін оқу орындарымен ынтымақтастық орнаттық. Жасанды сана ықпалы күшейген сайын заман талабына сай білікті мамандар құрамын әзірлеу қажеттілігі қатты сезіліп келеді. Жұмыс көрігі қайнаған қазіргі жазғы маусымда жұмысшы-қызметкерлеріміздің саны 4500-ден асты, олардың ішінде атадан балаға жалғасқан теміржолшы-құрылысшы еңбек әулеттері баршылық. – Нарықта бәсеке, ал тапсырыс берушінің таңдау құқығы бар, сіздер өз қызметтеріңізді ұсынғанда неге сүйенесіздер? Жоғарыда айтқанымыздай, біздің компания әрдайым құрылыс сапасын, стандарттарын, мерзімінде орындалуын бұлжытпай сақтауға ұмтылады. Кезінде кейбір салаға мектепті енді бітірген түлектей жаңадан қадам бассақ, бүгінде тәжірибеміз бай, сөзімізді ісіміз бекемдейтін сенімді мекемеге айналдық. Тапсырыс беруші де бұл мәселелердің бәрін таразыға салып, сұранысын қанағаттандыра алатынымызды түйсінетіні анық.  

– Шетел нарығына шыққан жобаларыңыз туралы айтып өтсеңіз?  

– Жоғарыда айттым, Әзірбайжан мен Ауғанстанда теміржол салдық. Одан бөлек, халықаралық ауқымдағы жобалардың ішінде Түркияның Газиантеп өлкесіндегі Нұрдағы қаласындағы 960 оқушыға арналған мектеп құрылысын айтып өтсек болады. Бауырлас елдегі алапат жер сілкінісінен соң Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек аясында бастауыш білім беретін 32 сынып пен мектепке дейінгі оқуды қамтитын 4 сыныптан тұратын оқу ошағы зілзалаға төзімді, құрылыс талаптары сақталған қысқа мерзімде бой көтерді.  

– Бүгінгі таңда компанияның жүктемесі қандай және алдағы жоспар-жобаларымен де бөліссеңіз? 

– Бүгінде компаниямыз түрлі бағытта ірілі-ұсақты 100 жобаны жүзеге асырып жатыр. ҚТЖ-мен шарттық міндеттемелер аясында биылға 225 шақырым күрделі жөндеу көлемін жоспарласақ, қазірдің өзінде оның 121 шақырымын орындап қойдық.  

Жаңа теміржол жобаларына тоқталсақ, 75 км Алматы айналма теміржолы аяқталып, елімізді Өзбекстанмен қосатын 174 км «Дарбаза – Мақтаарал» құрылысын жалғастырудамыз. Соңғысы ғана Сарыағаш теміржол торабына түсетін жүктемені 40%- ға азайтып, өңірдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 78%-ға аяқталған құрылысқа 1515 адам мен 1082 техника жұмылдырылған. Ал желі іске қосылғаннан кейін 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба аясында 5 бекет салынып, 13 млн 275 мың текше метр жер жұмысы атқарылады және 33 көпір бой көтеріп, 130 су өткізу құбыры салынады. Жаңа теміржол арқылы Қытай мен Ресейден келетін жүк ағындары Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан және Иран бағыттарына жеткізіледі. Сонымен қатар бұл бағытта жолаушылар пойыздарының қатынауы да жоспарланған.  

Қарағанды мен Ұлытау облыстарының аумағында 323 км «Мойынты - Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр. Жер қабаты, сонымен қатар су өткізу құбырлары бірге төселуде. Жобада жануарлар мен ауылшаруашылық техникалары жолында кедергіге ұшырамас үшін 21 жасанды құрылым қарастырылған. Барлық қажетті жұмыс екі жақтан қолға алынған. Ауқымды құрылысқа бүгінде 2 мыңға жуық адам мен 700-дей техника жұмылдырылған. Сөз соңында, Integra халықаралық стандарттарға сәйкестігін растағанын бөліскім келеді. Тексеруді еуропалық сертификаттау компаниясының сарапшылары жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша компания қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдар алды. Сонымен қатар, сыни сәйкессіздіктер анықталған жоқ. Бұл қолданыстағы менеджмент жүйесінің тиімділігін және жұмыс үдерістерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді. Компания сапа, экология және еңбек қауіпсіздігі салаларындағы жоғары стандарттарды тұрақты түрде ұстанып, өз қызметінің сенімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етіп келеді. Алдағы уақытта да үдерістерді жетілдіріп, халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу арқылы сенімді серіктес әрі жауапты жұмыс беруші ретінде дамуымызды жалғастырамыз.  

– Әңгімеңізге рахмет, табысты болыңыздар!

Жаңалықтар
03.07.2026
«Кедентранссервис» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
ҚТЖ келбеті
03.07.2026
Үздіктер анықталды
Аймақтар
03.07.2026
Болашақтың игі бастамасы
Сұхбат
03.07.2026
«Integra Construction KZ» – жол құрылысының көшбасшысы
Аймақтар
03.07.2026
Жамбыл жырларын жатқа оқыды
Аймақтар
03.07.2026
Теміржолға адал перзент өсірген әкеге алғыс
Жаңалықтар / Мұрағат
03.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №51 03 шілде 2026 жыл
Аймақтар
02.07.2026
Атырауда теміржол техникасын сынақтан өткізетін тәуелсіз орталық ашылды
Жолаушылар тасымалы
02.07.2026
ҚТЖ пойыздарымен 6 миллионнан астам жолаушы тасымалданды
Аймақтар
02.07.2026
Жаңа вокзал. Атыраулық теміржолшы жаңа вокзалдың ашылуына өлең арнады
Аймақтар
02.07.2026
Шыңғырлау теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді
Жаңалықтар
02.07.2026
Локомотив машинистері жыл басынан бері 30 жол апатының алдын алды
Аймақтар
02.07.2026
ҚТЖ мен Wabtec Қызылорда облысындағы Оқушылар шығармашылығы сарайының 30%-ын салып үлгерді
Жаңалықтар
01.07.2026
ҚТЖ мен Citi ынтымақтастықты талқылады
Жаңалықтар
01.07.2026
ҚТЖ мен Wabtec стратегиялық серіктестікті кеңейтуді талқылады
Жаңалықтар
01.07.2026
Елімізде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда
Жаңалықтар
01.07.2026
Тоқаев: көлік-логистика саласы ел дамуының негізгі бағыттарының бірі
Қауіпсіздік
01.07.2026
Жарты жылда 640 шұғыл тежелу: теміржолдағы мал мәселесі өзекті болып тұр
Жаңалықтар
01.07.2026
Қытайдан Достық арқылы өтетін контейнерлік пойыздар саны 26,6%-ға артты
Аймақтар
30.06.2026
Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында теміржол вокзалдарын қайта жаңарту аяқталды