Швейцарияның Вайнфельден қаласында Stadler компаниясының жаңа сынақ және іске қосу орталығының құрылысы басталды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұл нысанда жаңа жылжымалы құрамды тексеру, сынақтан өткізу және пайдалануға дайындау жұмыстары жүргізіледі. Жобаның құны шамамен қырық миллион швейцариялық франкке (43,7 млн еуро) бағаланып отыр. Нысанды 2028 жылдың бірінші жартысында іске қосу жоспарланған. Жаңа орталықта сексен жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кешеннің негізгі бөлігі ұзындығы шамамен 210 метр болатын статикалық сынақтар мен іске қосу-баптау жұмыстарына арналған цехтан тұрады. Оның ішінде төрт теміржол жолы, сондай-ақ сыртта тағы бір жол қарастырылған. Бұдан бөлек, жобада кеңсе бөлмелері, демалыс орындары, шеберханалар мен қойма алаңдары болады.

Ғимараттың солтүстік бөлігіне жақын жерде динамикалық сынақтарға арналған жалпы ұзындығы 750 метр болатын жолдар салынады. Олар байланыс желісімен жабдықталады.
Швейцариялық өндірушінің мәліметінше, жаңа сынақ және іске қосу орталығын салу компанияның соңғы жылдары тапсырыстар портфелінің айтарлықтай өсуіне байланысты қолға алынған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Stadler-дің тапсырыстар портфелі 32,3 млрд швейцариялық франкке (35,3 млрд еуро) жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға артқан.
Осыған байланысты Эрлен қаласындағы қазіргі сынақ және іске қосу алаңы өзінің өндірістік қуатының шегіне жеткен. Жаңа орталық компанияның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге және жаңа жылжымалы құрамды сынақтан өткізу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жаңа нысан Stadler-дің Буснанг қаласындағы негізгі зауытынан шамамен үш шақырым жерде орналасады. Компанияның штаб-пәтері де осы жерде орналасқан.