Өңірде алып жобаларды жүзеге асыру жалғасуда...

Сұхбат
21.10.2016, 13:04
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі филиалының директоры Мағауия Оразқұловпен сұхбатымыз өңірдегі алып жобалар, олардың аймақ экономикасына әсері төңірегінде өрбіді. Ақтөбе өңірінде соңғы жылдары үлкен жобалар жүзеге асырыла бастады. Жалпы, аймақтың теміржол саласында оң өзгерістер осыдан он-он бес жыл бұрын байқалды. Республиканың әлеуметтік-экономикалық өмірі үшін маңызы зор жобалардың тұсауы кесіліп, жаңа нысандар пайдалануға беріле бастады. Қазірдің өзінде бірнеше алып жоба қолға алынған. Демек, теміржол бойында әлі тың жаңалықтар бола бермек деген сөз. – Мағауия Амантайұлы, сіз ұлттық компания филиалының басшылығында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келесіз. Қарапайым теміржолшыдан басшылық лауазымға дейін өскен жансыз. Көз алдыңызда болып жатқан өзгерістер, жол бөлімшесінің даму барысы туралы не айтар едіңіз? – Ия, соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде жаңалық көп. Олардың қолданысқа беріліп, халық игілігі үшін жұмыс жасап жатқанын көріп қуанамыз. Оның үстіне, мұндай шараларға ең алдымен теміржолшылар қауымының, темір жол компаниясының тікелей қатысқаны біз үшін мәртебе. Ақтөбе өңірінде, жалпы, еліміздің болат жолында ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгеріс жетіп артылады. Көзі қарақты оқырман оны баспасөз бетінен оқып та жүр. Соның ішінде Ақтөбе өңірінде теміржол саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Он-он екі жыл бұрынғы Хромтау – Алтынсарин теміржол тармағының іске қосылуынан бастап, күні кешегі Шалқар – Тассай жол аралығымен жолаушылар пойызының жолға шығуы да Ұлттық компания жұмысындағы ірі, өзіндік орны бар, көзге көрінетін алып жобалардың бірі. Ал, Хромтау – Алтынсарин тармағына келер болсақ, осыдан 10-12 жыл бұрын ашылып, еліміздің батысы мен орталығын жалғаған магистральдың тек Ақтөбе емес, бүкіл ел экономикасына пайдасы ұшан-теңіз болғаны айтпаса да түсінікті. Баяғыда, біздер Астанаға жету үшін Ресейдің шекарасын екі-үш рет кесіп өтетінбіз. Ал, шекарадан өткенде, бала демей, шаға демей, сағаттап тұрып тексеретіндері бар. Неліктен біз өзіміздің бас қаламызға жету үшін көрші елді айналып, одан қалды сан мәрте тексеруден өтуіміз керек деген ой бәрімізді мазалап жүрді. Абырой болғанда, көзді ашып-жұмғанша екі ортаға жол төселді. Содан бері он жылдан астам уақыт өтіпті. Алғаш құрылыс басталғанда халық сенер-сенбесін білмей таң қалып жүргенін де көз көрді. – Бейнеу – Жезқазған магистралінің де Шалқар арқылы өтуі аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқаны даусыз... – Мың шақырымға созылған алып теміржол құрылысы Бейнеу – Жезқазған магистралінің Ақтөбе арқылы өтетін Шалқар – Тассай телімі, сөз жоқ, аймақтың көліктік құрылымын жаңа сатыға көтерген ірі жоба болды. Өткен жылы жүк пойызы жолға шықса, таяуда алғашқы жолаушылар пойызын жүргіздік. Енді жүк және жолаушылар пойыздары бұрынғыдай Қандыағашты айналып, уақыт жоғалтпайтын болады. Жол уақыты шамамен 10 сағатқа қысқарады. Жол бойынша жаңа елді мекендер пайда болды, станциялар мен разъездер салынды. Тұрғындар пойыз алғаш жүріп өткенде, баяғы Түрксіб темір жолының тұсаукесері өткендей қуанды. Әрине, жол пайдалануға беріліп, пойыздар қатынап жатқанымен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әлі де жалғасып, талай құрылыс нысандары салынып, елді мекендер абаттандырылып, ел қоныстанып, қысқасы қауырт жұмыстар жалғасып жатыр. – Десек те Ақтөбенің атын әлемге танытатын соңғы жылдары салынған МТД елдерінде теңдесі жоқ рельс-арқалық зауыты болды десек қателеспейміз-ау? – Иә, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының құрылысы басталуы ел өміріндегі елеулі оқиға болғаны анық. Теңдесі жоқ керемет зауыттың басқа емес біздің облыстан салынуы ақтөбеліктер үшін ерекше мақтаныш болды. Тікелей Елбасының назарында болған нысанның құрылысын ҚТЖ президенті Асқар Маминнің апта сайын келіп көріп, қадағалауда ұстады. Бүгінде рельс-арқалық зауытының өнімдері отандық теміржол үшін ғана емес, алыс та жақын шет мемлекеттердің шойын жолдары үшін де сұранысқа ие болып отыр. Зауыт құрылысы аяқталмай жатып, бірқатар мемлекеттердің теміржол компанияларымен тауарды жеткізу жөнінде келісімшарттарға қол қойылғаны соның айғағы. Өндіріс орнының еліміздің батысында салынуы да тегіннен емес. Ақтөбеден Ресейге жөнелтуге немесе Ақтау порты арқылы алыс елдерге шығаруға мүмкіндік мол. Таяуда зауыт маңынан рельс дәнекерлеуші кәсіпорынның іргетасы қаланды. Бұл да бір өз алдына кластер іспетті. Ақтөбе өңірінен қиыршық тас көп тиеледі. Жол құрылысына қажетті рельс те, қиыршақ тас та осы өңірден жөнелтіледі. Жаңа зауыттың құрылысына орай, Қызғалдақты станциясы кеңейтіліп, жұмысының ауқымы да ұлғайды, аз уақытта көп жұмыс тындырылды.Станцияда жаңа жолдар салынып, бұрмалар жасалды, жаңа шаттық бірліктер ашылды. Қысқасы, Ақтөбеде соңғы он жылда бұрын елу жылда атқарылатын жұмыстар жасалды десек қателеспейміз. – Жуырда тағы бір бірнеше жобалардың жүзеге асырыла бастағанынан хабардармыз... – Өткен айда Қызғалдақты станциясында рельс дәнекерлеу кәсіпорнының негізі қаланса, Сарысай ауылында Бершүгір қиыршық тас зауытының жаңа желісі іске қосылды. Бұл рельс дәнекерлеу кәсіпорны Ақтөбе рельс-арқалық зауытына жақын орналасатын болады. Себебі, бұл кәсіпорын зауыттан шыққан өнімді дәнекерлеп, ұзындығы 800 метрге дейін жететін рельс әзірлейді, одан әрі құрылыс алаңдарына жөнелтілмек. Сондай-ақ, соңғы жылдары Қазақстанда қиыршық тасқа сұраныс айтарлықтай артып отырғаны белгілі. Әсіресе ұсақ фракциялы қиыршық тас үлкен сұранысқа ие. Мұндай өнім тығыз, аязға төзімді, әрі көптеген жағынан сапалы болып келеді. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін сақтау мақсатында Шалқар ауданының аумағында жұмыс жасайтын Біршоғыр қиыршық тас зауытының басшылығы жол құрылысына қажетті тауарлы ірі фракциялы қиыршық тас өндірісінен сұранысқа ие жоғары сапалы ұсақ фракциялы қиыршық тас өндірісіне ауысу жөнінде шешім қабылдапты. Бұл өндіріс орны да аймақ экономикасын арттыруға өз үлесін қосатын болады. – Алып логистикалық ұлттық холдингке айналып отырған компания саясатында бүгінде логистикалық орталықтар жұмысын жандандыру маңызды болып отыр. – Келесі жылы Ақтөбе халықаралық әуежайы маңында жаңа логистикалық орталық құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде құжаттары әзірленуде. Ауқымды жобаның әлеуеті өте зор болмақ. Көлік-логистикалық орталығы «Экспресс» АҚ тапсырысы бойынша салынады деп күтілуде. Аймақтың логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында «ҚТЖ Экспресс» АҚ Ұлттық мультимодальды операторы «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» бағдарламасы аясында көлік-логистикалық орталық құрылысының техникалық-экономикалық құжаттамаларын дайындап жатыр. 40 гектар алқапты қамтитын нысаннан Ақтөбе станциясына қарай жол тартылады. Аталған жоба құрылысы келесі жылы басталады деп күтілуде. Жобаға Odissey компаниясы 70 пайыз, «KTZ Express» АҚ 30 пайыз үлеспен қатысады деп жоспарланған. Жобаның құны шамамен 10 миллиард теңгеден асады деп күтілуде. Бүгінде аталған нысан құрылысына қатысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. «KTZ Express» компаниясы тарапынан да Әуежай маңынан 40 гектар алқап бөлу жөнінде хат жолданған болатын. Қала әкімдігі жер телімін беру жөнінде шешім де шығарды. Көлік-логистикалық орталық Шымкент қаласындағы орталыққа ұқсас болады деп күтілуде. Стеллаждар мен тоңазытқыштары, көкөніс сақтау орны, контейнер алаңдары, әкімшілік және шаруашылық бөлмелері болады. Сонымен бірге, қонақ үй, алаң ішіндегі жолдар, қазандық, кәріз жүйелері, трансформатор желісі қарастырылған. Еліміздің батыс аймағындағы ең ірі логистикалық орталық қолданысқа беріліп, толық іске қосылған жағдайда, Ақтөбе әуежайы қазіргі 5-ші орыннан үшінші орынға шығуы мүмкін деген болжам бар. Орталықтың кешенді қызмет түрлері жүктің кешігуіне жол бермейді. Тұрғындар үшін тауарлар бағасы да едәуір арзанға шығады. Құрылыс барысында мыңдаған жұмыс орны ашылады. – Жолаушы тасымалына қатысты бір сауал, халықтың темір жол көлігіне деген сұранысы қалай қанағаттандырылып отыр? – Соңғы уақытта өңір арқылы бірнеше жүйрік пойыз Алматы мен Астана қалаларын Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарымен жалғайтын болды. Бүгінде Ақтөбе станциясының теміржол паркінде «Тұлпар-Тальго» пойыздарына қызмет көрсететін техникалық бекет салынып жатыр. Отандық жолаушылар вагондарының жолға шыға бастауы да біз үшін үлкен жаңалық, үлкен тәжірибе болды. Енді оларға техникалық тұрғыда қызмет көрсететін орынның Ақтөбеде салынуы да заман талабы. Оның құрылысы алдағы жылы аяқталады деп күтілуде. – Бәрекелді, еңбектеріңіз берекелі болсын!

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе

Жүк тасымалы
26.04.2024
Қазақстан, Ресей және Қытай жаңа көлік хабын құруда
Жаңалықтар
26.04.2024
ҚТЖ Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді
Станция тынысы
26.04.2024
Озық технология тиімділігі
Аймақтар
26.04.2024
Теміржол – жас буын көзімен
Қауіпсіздік
26.04.2024
Еңбекті қорғау апталығы өтіп жатыр
Жаңалықтар
26.04.2024
Электровоз құрастыру зауыты биыл 145 локомотив өндірмек
Жаңалықтар
26.04.2024
ҚТЖ: қоғамдық тыңдау өтті
Жаңалықтар
26.04.2024
Теміржолшылар «Қазақтың Ахаңы» атты бейнеролик түсірді
Аймақтар
26.04.2024
Модульдік үй-жайлар теміржолшылар игілігіне қызмет етуде
Жаңалықтар / Мұрағат
26.04.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №36 26 сәуір 2024 жыл
Жаңалықтар
25.04.2024
Қазақстан трансауған темір жол құрылысына қатысуға дайын
Спорт
25.04.2024
Маңғыстауда еңбекті қорғау күніне орай турнир өтті
Станция тынысы
25.04.2024
Су басу: қауіптің беті қайтты
Әлеумет
25.04.2024
Теміржолшылар ҰОС ардагеріне шипажайға жолдама сыйлады
Қауіпсіздік
25.04.2024
Ақау тапқан вагон қараушы марапатқа ұсынылды
Аймақтар
25.04.2024
Ақтөбедегі теміржолшылар музейі тұтас бір дәуірді көз алдыңа әкеледі
Жаңалықтар
25.04.2024
ҚТЖ локомотивтерін жазғы тасымалға дайындауда
Жолаушылар тасымалы
24.04.2024
ҚТЖ жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынады
Жаңалықтар
24.04.2024
Салалық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары ҚТЖ-да біліктілігін арттырды
Цифрландыру
24.04.2024
Көлік министрлігінде теміржол саласын цифрландыру мәселесі қаралды