«Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрметті теміржолшы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы жанындағы Консультативтік кеңестің мүшесі Рымбек Тұрғанбайұлы Тұрғанбаевтың 96 жасында дүниеден өтуіне байланысты отбасына және жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген Рымбек Тұрғанбайұлы соғыстан кейін Ташкент теміржол көлігі инженерлері институтын бітіріп, Алматы станциясында кезекші, маневрлік және пойыздық диспетчер, станция бастығының орынбасары, Алматы-1 станциясының, Қызылорда жол бөлімшесінің бастығы, Алматы темір жолының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Еңбек жолын станция кезекшісінен бастап Батыс Қазақстан темір жолының бастығы, Қазақ темір жолы қозғалыс қызметі бастығының орынбасары лауазымына дейінгі ұзақ та абырой- лы еңбек жолынан өткен кәсіби теміржолшы болды. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен, жауынгерлік және еңбек медальдарымен марапатталған. Теміржолшылардың тұтас бір буынын тәрбиелеп өсірген ұстаз, ардагер теміржолшының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.