Семейлік теміржолшылар қауымы жуырда спорттың бірнеше түрінен бөлімше біріншілігін бастады. Биылғы турнирдің шымылдығы үстел теннисі ойынымен түрілді.

Семей теміржолының «Локомотив» спорт клубының ұйымдастыруымен, жергілікті кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткізілген спорттық шараға байтақ желі бойынан кіл әуесқой спортшылар жиналып, өзара жүлделі орындарды сарапқа салды. Жалпы, үстел теннисі – жергілікті сала қызметкерлері арасында біршама жақсы дамыған ойын. Бірқатар теміржолшылар тіпті қалалық, облыстық және ұлттық компания көлемінде өткізілетін сайыстарда жүлде алып жүр. Бір ерекшелігі, бұл жарысқа да бөлімше фавориттері жиналыпты. Сондықтан болар, ойын мейлінше тартысты өрбіді.  

Бірнеше айналымда өзара шеберлік сынасқан ойыншылар бес тур бойы ойын үздіктерін сарапқа салды. Түс ауа соңғы нәтижелер де айқындалып, ерлер, қыздар және ардагерлер арасында бөлімше біріншілігінің жеңімпаздары анықталды. Ерлер арасында бірінші орынды бөлімшенің бірнеше дүркін чемпионы, ШЧ-29 мекемесінің намысын қорғаған Рустам Мұхаметжанов иеленсе, қыздар арасында Жаңа-Семей станциясынан келген Айгерім Тоқпанова жеңіске жетті. Ал ардагерлер арасында биыл жаңа есім пайда болды. Ұпай санының көптігімен НЖС-6 қызметкері Асқар Есенаманов бірінші орынды жеңіп алды.  

Барлық жеңімпаздар бөлімшенің кәсіподақ ұйымы тағайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бөлімшенің спорт нұсқаушысы Наталья Мешкованың айтуынша, алдағы уақыттарда семейлік теміржолшыларды тағы да тартысты сайыстар күтіп тұр.