Қысқы кезеңге жолаушылар вагондарын дайындау аяқталды
Оқуға 1 мин
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2021/2022 жылдарғы қысқы кезеңге вагондарды міндетті жоспарлы дайындауды аяқтады. Бұл көлік құралдарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен және басқа да нормативтік-техникалық құжаттармен регламенттелген, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жолаушылар вагондарын қысқы кезеңге дайындау солтүстік және батыс өңірлерінде 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 31 қазанға дейін, ал оңтүстік өңірде 2021 жылғы 15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін жүргізілді.
Ұлттық тасымалдаушының вагон паркі қысқы жағдайда пайдалану және жолаушылардың жүруі үшін қалыпты климаттық жағдайларды қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық тексерістен өтті.
Сонымен, ауа баптау жүйесі арнайы консервациядан, ал ауаны желдету, жылыту және сумен жабдықтау жүйелері ревизиядан өтті. Бұдан басқа, жоғары вольтты жылыту жүйесі әзірленіп, терезелер жылытылды және тазартылды, вагондардың тиісті эстетикалық көрінісі қамтамасыз етілді, оның ішінде тамбурлар мен электр су қайнатқыштары боялды.
Жалпы, жылжымалы құрамды қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау барысында барлық ақаулар жойылды.