Құрметті отандастар! Құрметті әріптестер!
Баршаңызды ҚР тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Ер мен ел мерекесі бейбіт өмір салтанат құрған ордамыздың берекесін арттыра берсін!
Тәуелсіздік халқымыздың басына бақ боп қонғанда таққа отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында саяси-экономикалық, құқықық, әлеуметтік-мәдени реформалар жүзеге асты. Мемлекет басшысы президенттік билік институтын нығайта отырып, қоғамды демократияландыру арқылы өркениет көшіне ілестіруге сүбелі үлес қосты. Егемендік жылдарындағы көлік-логистика кешенінің қарқынды дамуы да Елбасыдан бастау алған стратегиялық бағдарламалардың нәтижесі.
30 жылда темір жол саласы заман ағымына бейімделу үшін ауқымды жоба-жоспарларды іске асырды; жаңа магистральдар салынып, қолданыстағылары ауыстырылды, пойыз құрамдары жылдан жылға жаңарып келеді, теміржол саласы бойынша машина жасау өндірісі қалыптасты, жолаушылар пойыздарының жылдамдығын арттыру бағдарламасы орындалды, Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалды. Осындай толағай табыстарға жетуге себепкер болған Нұрсұлтан Назарбаев бірлік пен елдікті, татулық пен достықты дәріптеп, егемендікті еңселі ете білді.
Сондықтан да бұл мерекенің халқымыз үшін маңызы мен мазмұны ерекше. ҚР тұңғыш Президенті күнін атап өту - өнегелі өмірі Қазақстанның өсіп-өркендеуімен қатар өрілген тарихи тұлғаға, атақ-даңқы алысқа кеткен саясаткерге деген құрмет деп білем. Халқымыз бен Елбасымыздың осынау мәртебесі әлем елдері алдында биіктей берсін! Сіздерге мерекелік көңіл-күй, мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет тілеймін! Әрдайым отбасыларыңыз аман, жүздеріңіз жарқын, мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақ болсын!
«Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ
Басқарма Төрағасы
Нұрлан Сауранбаев