Маңғыстау жол дистанциясы тарихында тұңғыш рет қарапайым жол монтері мемлекеттік наградаға ие болды. Шетпелік Байғали Сатыбалды Президент Жарлығымен III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды.

1989 жылы жол дистанциясында жол монтері болып еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз отыз жылдан астам уақыт аралығында кәсібінің қыр-сырын терең меңгерген майталман жолшыға айналған. Бұған дейін «Кәсібі бойынша үздік» атанған ол, міне, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты жиында «Самұрық- Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды.
– Адал еңбек етсе, адамның еңбегі жерде қалмайды екен. Елорда төрінде жол монтерінің еңбегі ескеріліп, мемлекеттік марапатты тағып тұрып соған көзім жетті. Теміржолдың жұмысы өте қиын, сондықтан бұл марапат менімен бірге еңбек ететін 400 жолшының бәріне ортақ дер едім, – дейді шетпелік жол монтері Байғали Сатыбалды.