Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Машинистке біліктілік сын
Оқуға 2 мин
Қызылорда локомотив пайдалану депосының жоғары білікті машинисі Берік өткен жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Бірінші санатты тепловоз машинисі әріптестері арасында беделді, үлкенге ізетті, кішіге қамқор жан. Еңбек жолын осы депода слесарлықтан бастағандықтан болар, көз алдарында кешегі енді үйреніп жүрген жас жігіттен кәсіби маманға айналған жігіт ағасын бәрі сыйлайды. 2004 жылдан бірініші класты тепловоз машинисі біліктілігіне ие. Тәжірибелі жан машинист-нұсқаушы, оқу жөніндегі нұсқаушы қызметтерін нәтижелі атқара жүріп өзі секілді 16 машинисті дайындап шығарған.
-Қазіргі таңда депомызға жаңа техникалар мен технологиялар келіп жатқандықтан күнделікті ізденіп білім жетілдіру заман талабына айналды ғой. Біздер де соған лайық болуға ұмтылыс жасаймыз. Машинист ең бірінші техника тілін терең меңгеруге тиіс. Машинист бір ғана өзі жүргізіп кележатқан тепловозды ғана емес, жолдың жайын, рельстің күйін, белгілер мен вагонның халінен хабардар болуы қажет. Кейде жаңылысып жабық сигналға жүруге нұсқау берілуі мүмкін ғой, бұл сирек болса да болып қалу мүмкін жағдай, мұндай жағдайда тепловоз машинисі ширақ әрекет жасауға міндетті. Өзгелердің қателігі орасан шығынға итермелеуі мүмкін, сондықтан машинист әр әрекетіне сенімді болып, борт компютерінде көрсету сигналдарын қадағалап, берілген нұсқаулықтарды басшылыққа алса, жол да, жолаушы да, жүк те аман болады, жылжымалы құрамдардың қауіпсіздігі де сақталады,-дейді жолаушылар пойызының білікті машинисі Берік Болтайұлы.
Біліктілік демекші, кейіпкеріміздің пікірінше, машинистке біліктілік үлкен сын. Бірінші, екінші, үшінші санатты... әр санатқа сатылай көтерілу - машинистің білім-білігі мен тәжірибесі артып, жетілгенін көрсетеді. Сондықтан, машинистер жоғары санатқа өту үшін емтихан тапсырып үлкен дайындықтан өтеді.
-Машинист қандай да бір болуы мүмкін тосын жайды алғаш байқайтын теміржолшылардың көзі де, құлағы да өзі екенін терең сезіне білуге тиісті. Пойыз байланысы арқылы жағдайды баяндауға мүмкіндігі жоғары барлаушы да өзі. Қысқасы, ол тоқсан тоғыз қасиетті бойына жинаған, сегіз қырлы, бір сырлы болуды мақсат тұтуы керек, - дейді өзіне де, өзгеге де талапшыл машинист.