Сабырхан НӘДІРБАЙҰЛЫ, Қызылорда
Байланыс құрылғылары бабында
Оқуға 2 мин
Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы жылжымалы құрамдардың қауіпсіз қозғалысын сақтауды салалық жүктеме санайды.
Кәсіби міндеттерін мүлтіксіз орындап, байланыс құрылғыларының бабында болуын қамтамасыз етіп отырған дистанциялықтар өткен жылдың желтоқсан айында пойыздық және маневрлік жұмыс барысында ақаудың орын алуына жол бермегенмен, бір жыл ішінде 6 мәрте құрылғылардың жұмыстан тыс қалуы тіркелген екен. Орын алған кемшіліктер байланыс құрылғыларының ішінде 2 рет реленің, 2 рет электрожетектің және 2 мәрте стативтің жұмыстан тыс қалып, сигналдардың жойылуына себеп болыпты.
Дистанция ұжымы желтоқсан айында КТСМ құрылғыларымен 13 708 жылжымалы құрамды, жыл басынан бері 207 175 пойызды бақылап, олардың арасынан 64 пойыз буксының қызуын анықтаған. СОБ құрылғыларына техникалық күтім жасаумен қатар Түркістан мен Жосалы станциялары арасындағы бес жүз шақырымға жуық телім бойында қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуын қадағалап келеді. Осы телімдегі автобұғаттау құрылғылары, диспетчерлік орталықтандыру жабдықтары, кабельді магистральды желілер, бағыттамалық бұрмалардың және КТСМ құрылғысы секілді бірнеше техникалық құрылғылар мен байланыс жабдықтарының жұмысын тәулік бойы бақылап, олардың бабында болып, кідіріссіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету ұжымның басты міндеті саналады.
Жылжымалы құрамдардың дистанция телімдерінен кідіріссіз өтуін қамтамасыз ету барысында соңғы уақыттарда Жалағаш, Қызылтам станцияларынан басқа өзге бекеттерде букстың қызуын және әртүрлі бұзылыстарды анықтайтын ескірген ПОНАБ-3, ДИСК-Б құрылғылары жаңа үлгідегі КТСМ-01Д, КТСМ-02 қондырғыларымен алмастырылып, байланыс жабдықтарының қалыпты жұмыс жасауы үшін кешенді жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.
–Өткен жылы құрылғыларды ағымдық баптау жұмыстарымен қатар Шорнақ – Түркістан станциялары арасындағы телімдерде релелік шкафтар монтажы жаңартылды. №14,15 бекеттерде РШ ауыстырылды. 215 дана МСП электромоторлар ағымдық жөндеуден өткізіліп, жарамсыздары жаңаланды. 36 дана СП-6 электрожетектеріне күтім жасалып, қолданысқа жарамсыздары алмастырылды. Бірқазан станциясы мен 14-бекет аралығында 10 дана бағдаршам светодиодты болып өзгертілді. Ал желтоқсан айында Қызылтам станциясында №4,8 бағыттамалық бұрмалардың, Жалағаш станциясында сегіз дана бұрманың ППРЗ-5000 релесі алмастырылды, Керкелмес – Сұлутөбе, Қызылорда – Қараөзек және 14-бекет Керкелмес бекеттеріндегі бағдаршамдардың линзалы жинақтары светодиодты модульдермен ауыстырылды. Және де Тереңөзек – Қараөзек станциялары арасындағы КПТШ трансмиттерлері ТМ блоктарымен жаңартылды, – деді дистанцияда атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасаған техникалық бөлім бастығы Ақшагүл Курбенова.