Семей темір жолының Алматы бөлімшесімен шектесер тұсындағы бесінші класты Жүзағаш станциясы шағын болса да жұмысы  қауырт. Себебі, төрт бағытта жұмыс істейтін іргедегі Ақтоғай станциясында пойыздарды қабылдап алу, жөнелту шаралары жылжымалы құрамдар қозғалысының жиілігіне байланысты аса күрделі. Станцияның бастығы Мұратқазы Оралбаев осы станцияның негізін қалаған атақты династияның өкілі. Әкесі Бүркітбай ақсақал соғыстан оралысымен осы станцияны басқарып, 1983 жылға дейін еңбек етіпті. Жалпы, еңбек өкілі 400 жылдан асатын Оралбаевтар династиясын Ақтоғайдан Аягөзге дейінгі аралықтағы теміржолшылар жақсы біледі. Бір әкеден тараған жеті ұлдың бесеуі станция басқарған.  Ал әкесінің қара шаңырағына ие болып қалған Мұратқазы Оралбаев қазіргі күні өзі туып-өскен Жүзағашта қасына ұлы Біржанды алып еңбек етуде. Ал өзге ұл-қыздары Алматы мен Семей жүк тасымалдау бөлімшелерінде қызмет атқаруда. Бөлімшенің ең шеткі станциясы болғандықтан да Жүзағаштың жүгі ауыр. Қазіргі күні жүк тасымалы бойынша тәулігіне 19 жұп, 15 тақ пойызын Алматы бөлімшесіне өткізеді. Алайда, жұмыстың күрделілігі сол, төрт тараптан жылжымалы құрамдарды қабылдайтын Ақтоғай станциясы кейде желі бойының бос болмауына байланысты пойыздарды қабылдамаса, осы станцияда іркіледі.Қазіргі күні электронды қызмет, тіпті, жерсеріктік бақылау арқылы да пойыз қозғалысын толықтай бақылауда ұстап отыруға болады. Біздің станция бойынша пойыздар көбінесе таңертеңгілік пен кешкі мезгілде қауырт өткізіледі. Мұндайда Семейдегі бөлімшедегі диспетчерлерден, басшылардан бастап барлығымыз аяғымыздан тік тұрамыз, – дейді Мұратқазы Бүркітбайұлы.    Аталмыш теліммен Алматы-1 – Защита станциялары аралығында қатынайтын Тальго пойызы сағатына 120 км жылдамдықпен жүйткитіндіктен соңғы үш жылда жол шаруашылығы сауықтырылып, темірбетонды шпалдар төселіп, бағыттамалы бұрмалар толықтай жаңартылған. Әкелі-балалы Оралбаевтар бабадан балаға беріліп келе жатқан әулет дәстүріне сай пойыздар қозғалысын қалтқысыз назарда ұстауда.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей