Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Құммен күрес жұмыстары қолға алынған
Оқуға 2 мин
Пайдалануға берілгеніне санаулы жыл болған Шалқар-Бейнеу теміржол аралығында құммен күрес шаралары қолға алына бастаған. Жаңа теміржол тармағы құмды өңірлер арқылы тартылғаны аян.
Ақтөбе қорғаныс екпе ағаштары дистанциясынан хабарлағандай, жаңа жол бойына сусыған құм темір жолға қауіп төндірмес үшін оның жолын кесіп, тоқтату жұмыстары қолға алына бастаған. Тек өткен жылдың өзінде ғана 34 гектар алқапқа құм тоқтату үшін аласа қоршаулар тұрғызылған.
Дистанцияның техникалық-өндірістік бөлімінің басшысы Әділхан Бөгенбаевтың айтуына қарағанда, Шалқар учаскесінде 6 гектар, Исатай ауданы аумағында шамамен 14 гектар алқапта құм тоқтату жұмыстары қолға алыныпты. Сонымен бірге, Бейнеу жақта 6 гектарға жуық алқапты, Қызылорда облысы аумағында 9 гектар жерде құм тоқтату шаралары жасалған.
Сонымен қатар, Қызылорда аумағындағы Абай станциясы мен №7 разъезд аралығы және Бақтысай мен Бәйгеқұм аралықтарын қоса алғанда 10 гектар жерге құм тоқтататын құрылғылар қойылыпты. Құм тоқтату жұмыстары бұрын қолға алынбаған Бейнеу учаскесіндегі Теректі, Сам, Алтай аралықтарында да басталған. «Жаңа құрылыс» аталып кеткен аралықтарда бас-аяғы 5 гектардан астам алқапта құм тоқтатылған
Сусыған құмды теміржолшылар қамыстың көмегімен тоқтатады. Ол үшін Шалқар көлі, Каспий теңізі мағайындағы көлшіктердің қамысы, сонымен бірге, Қызылорда облысы аумағындағы Қамыстыбас көлінің қамысы пайдаланылады екен. Оны торлап, құм қозғалатын телімдерге орналастырады.
Өткен жылы Шалқар ауданы бойынша 3 мың текше метр шамасында, Исатай ауданында 6,5 мың текше метр қамыс, Қызылорда аумағында 3,3 мың текше метр қар тоқтататын қамыс дайындалыпты.
Әділхан Бөгенбаевтың айтуына қарағанда, Сексеуіл-Қоскөл аралығында құм тоқтатуға Қамыстыбас көлінен 14 вагон қамыс жөнелтілген, Абай станциясы мен Бейнеу — Тассай жаңа құрылысы теліміне Бейнеу станциясынан 11 вагон, Ганюшкино станциясынан 7 вагон, Шалқар станциясынан 4 вагон қамыс жеткізіліпті. Бұл жұмыстарға жергілікті жол дистанциялары да жұмылдырылады. Жоғарыда айтылған телімдерге Ақтөбе аумағында Шалқар мен Бейнеу жол дистанциялары жауапты.