Теңіз айлақтарына пресс-тур ұйымдастырылды

Жаңалықтар
03.06.2022, 11:40
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстау – барлық көлік түрі тоғысатын ерекше аймақ. Өңірде жүк тасымалының еселеп артуына ықпал етіп отырған ірі теңіз порттары бар. Логистика саласы қарқынды даму үстінде.

  Бүгінде порттардың техникалық жағдайы жақсарып, өткізу жылдамдығы артып, цифрландыру бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соңғы мәліметтер қазақстандық порттар арқылы жүк тасымалы 2 есеге артқанын көрсетеді. 

«Жақсыны көрмекке» демекші, теңіз айлақтарында жүк жөнелту үдерістері қалай жүзеге асып жатқанын жақында өткен баспасөз турында өз көзімізбен көріп қайттық. Баспасөз туры ҚТЖ басшылығының тікелей қолдауымен өңірдегі БАҚ өкілдері мен ұлттық компанияның корпоративтік блогерлеріне арнайы ұйымдастырылды. Маңғыстаудың ғана емес, еліміздің ішкі-сыртқы тауар айналымында маңызды роль ойнайтын Ақтау теңіз сауда порты мен Құрық порты және Ақтау солтүстік теңіз терминалдарына барған қонақтар ел экономикасын нығайтудағы үлесі зор бұл нысандардағы көрсеткіштермен танысып, тиеу-түсіру процестерінің куәсі болды. Аталған порттардың екеуінде Маңғыстау теміржолына қарасты Ақтау порты станциясы мен Құрық порты станциясы бар. 

ҚТЖ теміржол инфрақұрылымына үздіксіз инвестиция құйып, заман талабына сай дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Мысалы, Каспий теңізі айлағын дамыту жүк тасымалын, оның ішінде транзиттің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ете отырып, қолайлы логистикалық ахуал қалыптастырып отыр. Баспасөз турында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) негізгі нысандарына айналған қазақстандық порттар арқылы жүк ағындарын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар, өндірістік мүмкіндігі, жүк ауыстырып тиеуді ұлғайту аясында қолға алынып жатқан шаралар және порт инфрақұрылымының қуатын әрі қарай дамыту жоспарлары жан-жақты таныстырылды. 

Сапарымыздың алғашқы аялдамасы тарихы өңірдің жерасты байлығын игеру жылдарынан бастау алатын Ақтау теңіз сауда порты болды. Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан бұл портта қазір барлық кеме түрлері кіруі үшін толық жағдай жасалған. Бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысында тұрған портта Иран, Түркия, Ресей және Әзірбайжан бағытында шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай, Түркіменстанмен де жыл он екі ай бойы жүк тасымалын қамтамасыз етуге болады. Сондай мүмкіндіктердің нәтижесінде порт соңғы үш жылда 2 мыңға жуық кеме қабылдаса, ауыстырып тиелген әртүрлі жүктер көлемі 10 млн тоннадан асқан. Осы жылы өткен төрт айда 1,2 млн тоннадан астам жүк ауыстырып тиелген. Оның 1 млн 96 мыңы экспортқа жөнелтілген, қалғаны импорттық жүктер. «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басшысы Абай Түрікпенбаев соңғы кездері портта контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеу көлемі өскенін айтады. Сонымен қатар, контейнерлік тасымалдың уақытты да, артық жұмысты да қысқартып, тауардың саны мен сапасына да оң ықпал ететінін атаған Абай Ноғайұлы қазіргі кезде сауда-саттықтың басым бөлігінде осы контейнерлік үрдіс кең етек алып келе жатқанын ерекше атады. Оның үстіне қолды ұзартып отырған тағы бір нәрсе құжаттарды электронды алмасу мүмкіндігі дейді. Биыл контейнерлік тасымалдар өткен жылғы деңгейге қарағанда екі есеге – 50 мың ЖФЭ дейін, ал ТХКБ маршруты бойынша тасымалдар көлемі алты есеге – 3,2 млн тоннаға дейін өсуі күтілуде екен. 

Жалпы, Ақтау порты – көпсалалы, 80 мың шаршы метр болатын ашық қойма және ауданы 2 мың шаршы метр жабық қойма алаңдары бар заманауи терминал. Ашық қойма алаңында 2 500 контейнерді сақтауға болады. Сондай-ақ портта басты, өлшемелі-бірлікті және габаритті емес жүктерді өңдеуге арналған үш әмбебап құрғақ жүк айлағы бар. Астықты қайта тиеу және жүкті көлденеңінен өңдеу әдісімен кемелерді өңдеуге арналған тағы бір айлақ жұмыс істейді. Мұндағы астық терминалының қуаты жылына 700 мың тоннаны өндеуге мүмкіндік береді. Алты мұнай құю айлағы бір уақытта 12 мың тоннаға дейін өңдейді. Сондай-ақ, порттың кез келген жүктерді өндеуге мүмкіндік беретін техникалық паркі де бар. 

Ақтау портынан оңтүстікте орналасқан Құрық портына саяхат диспетчерлік қызмет ғимараттары мен теңіз вокзалын, кедендік ресімдеу пунктінің жұмысымен, «бір терезе» қағидаты бойынша қолайлы жүк ағынын өңдеу технологиясымен танысудан басталды. Бір мезгілде 4 паромға қызмет көрсете отырып, теміржол және автомобиль айлақтарымен бөлінген порттың инфрақұрылымы туралы «Құрық порты» ЖШС Бас директоры Серік Ахметов айтып берді. Қонақтар сол күні порт айлағына келіп аялдаған Әзірбайжан кемесіне кіріп көру мүмкіндігіне де ие болды. Көлемі 4 мың тоннадан асатын аталған су көлігімен сол күні көрші елден жеңіл көліктер түсіріліп жатыр екен. 

Жетпіс гектарға жуық аумақты алып жатқан бұл портта төрт айлақ бар. Онымен автомобильдер мен теміржол паромдарын жыл бойына үздіксіз қабылдай беруге болады. Теміржол айлағының өткізу қабілеті жылына 4,1 млн тонна. Паромды өңдеудің толық циклінің орташа уақыты – бір деңгейлі – 6-8 сағат, ал екі деңгейлі – 10-12 сағат, бұл күніне 5-8 па- ромды өңдеуге мүмкіндік береді. Паромдарға 54 теміржол вагоны сыяды. 

Құрық порты арқылы бүгінде мұнай өнімдері, химиялық өнімдер, металл, халық тұтынатын тауарлар және басқалары ауыстырып тиеледі. Импортты азық-түлік өнімдері, өнеркәсіптік жабдықтар, құрылыс материалдары және басқа да жүктер құрайды. Порт арқылы транзитпен әртүрлі жабдықтар, электроника, тоқыма, химия өнімдері, металл бұйымдары өтеді. 

Құрық портының бас диспетчері Бақыткерей Әлібековтің айтуынша, биылғы наурыз айларынан бастап жүк тасымалы әр ай сайын өсіп, былтырғымен салыстырғанда екі-үш есеге дейін артқан. Соның ішінде сәуір айында бұрын болмаған рекордтық деңгей тіркеліп, 231 мың тонна жүк өткен. Порт әкімшілігі жыл соңына дейін 2 млн тонна көрсеткішке жетуді жоспарлап отыр. 

Тағы бір айта кетерлігі, Ақтау теңіз портында контейнерлік ағын ұлғайғасын, Құрық портынан да жақыннан бері контейнерлік тасымал үдерісі қарқын ала басталған. Биыл, осыған дейін төрт пароммен екі пойыз жүк жөнелтіліпті. 

Ал Ақтау теңізі Солтүстік терминалына барғанымызда Иран елінің VISTA атты кемесі келіп, ондағы 3700 тонна импорттық жүк түсірілуде екен. Айлақтағы жүк кешенінде бір ауысымда 20 адам жұмыс істеп, крандармен қапшықтарды түсіріп, басқа көлікке тиеп, алып кетіп жатты. 

Аталған нысанда бес бұтаққа бөлінетін темір жол бар. Сыртта бір жол, іште алты жол. Олар – басты жүктерге және астыққа арналған жолдар. Сонымен теңіз жолына жүктер келіп, кері қарай жөнелтіледі. Әр жолға 16 вагоннан, астық түсіретін жолына 17-17 вагоннан, жалпы бір уақытта 34 вагон сыяды екен.

– Терминалдың жылына 3 млн тоннаға дейін жүкті ауыстырып тиеуге мүмкіндігі бар. Контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша оның мүмкіндіктері – жылына 70 мыңнан астам ЖФЭ, бір мезгілде 6 мың ЖФЭ-ге дейін сақтай аламыз, – дейді «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС Бас директоры Дәурен Қалиасқаров. 

Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы – ТХКБ, ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерінің құрамдас бөлігі саналады. Солтүстік терминалдан жүктер көбінесе Иран, РФ, Әзірбайжан порттары бағытына тасы- малданады. «Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту шеңберінде іске асырылып, бүгінде өз жемісін беріп отыр.

Жаңалықтар
17.09.2026
Локомотив шаруашылығы қысқы кезеңге дайындалуда
Жаңалықтар
17.09.2026
ЕО Орталық Азия арқылы өтетін көлік дәлізіне €12 млрд-қа дейін инвестиция тартпақ
Станция тынысы
17.09.2026
Талас станциясының бүгінгі тынысы
Аймақтар
17.09.2026
Семей станциясында қауіпті өткелдер бақылауға алынды
Әлемде
17.09.2026
Өзбекстанда Қытайдың екінші CRRC пойызы қатынай бастады
Жаңалықтар
17.09.2026
Отар – Шу учаскесіндегі оқу-жаттығуға өрт сөндіру пойызы қатысты
Аймақтар
16.09.2026
Семей қаласында теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Әлемде
16.09.2026
Әзербайжан Армения шекарасына дейінгі теміржол құрылысының 75%-ын аяқтады
Жаңалықтар
16.09.2026
Қазақстан мен Корея көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Жаңалықтар
16.09.2026
Астанада VIII «NEW SILK WAY» атты көлік-логистика саласындағы бизнес-форумы өтеді
Апта саны / Жүк тасымалы
16.09.2026
Сегіз айда ҚТЖ желісі арқылы 212,7 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Жаңалықтар
15.09.2026
Теміржолшылар мен ТЖД Қарағанды – Ақадыр учаскесіндегі өртті сөндірді
Жаңалықтар
15.09.2026
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да үздік эколог-сарапшылар анықталды
Жолаушылар тасымалы
15.09.2026
ҚТЖ ата аналар мен жасөспірімдерге пойыздағы қауіпсіз жүру ережесін еске салды
Жаңалықтар
15.09.2026
Болгариядағы TХКБ отырысының негізгі нәтижелері
Жаңалықтар
15.09.2026
Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудың жөндеуден өткен вокзалын тексерді
Инфрақұрылым
15.09.2026
Вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтар
15.09.2026
Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты
Жүк тасымалы
15.09.2026
«Бір белдеу, бір жол»: Жаңа сауда дәліздері қалай дамиды?
Қауіпсіздік
15.09.2026
Қауіпсіздік пен біліктілік бәсекесі