Ақтөбенің іргесіндегі Қызғалдақты станциясы соңғы жылдары үлкен өзгерістерге ұшырады. Бұл маңда еліміздегі ірі жобалардың бірі – Ақтөбе рельсарқалық зауытының бой көтергені – Қызғалдақты станциясының дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Өткен жылы Қызғалдақтының жанынан Рельс дәнекерлеу кәсіпорнының іргетасы қаланғаны жайлы жазғанбыз. Зауыттан шыққан рельсті енді осы дәнекерлеу кәсіпорнында жалғап, еліміздің жолдарына қажетті 800 метрлік рельстер шығарады. Ал мұның барлығы Қызғалдақты маңында шоғырлануы – шын мәнінде разъездің бағын ашқан жобалар деп айтуға болады.  "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "Көлік технологиялары" ЖШС бірлесе отырып, "Көлік технологиялары" компаниясы есебінен Қызғалдақты станциясына кірме жолдар салу және алаң ішін дамыту туралы шешім қабылдаған болатын. Ал "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ есебінен Қызғалдақты станциясы есебінен қайта салынатын болып шешілді. 1905 жылы құрылған Қызғалдақты разъезі жұмыс сипатына қарай, аралық станция болып саналады, әрі бесінші класты станция қатарына жатқызылған. Станцияны дамыту жұмыстары қолға алынғанға дейін мұнда бір басты жол мен екі қабылдау-жөнелту жолдары ғана болды. Қызғалдақты разъезін дамыту жобасы аясында электрлі орталық қосыны, үш қабылдау-жөнелту жолы, бір керме жол, бір сақтандырған тұйық, жол құралдарын сақтайтын қойма, жылыту орны мен 13 орталықтандырылған бұрмалар төсеу жұмыстары қарастырылған болатын. Қызғалдақты разъезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын қолға жүргізу конкурсында "Спикер" ЖШС жеңімпаз деп танылып, "Жол жөндеуші" АҚ субмердігер ұйым болып белгіленді. Құрылысқа қажетті жүк пен қондырғылар үздіксіз жеткізіліп тұру үшін жолдар құрылымында өзгерістер болып, Қызғалдақты разъезінің жолдарынан құрылыс алаңына жолдар бұрылатын болды. Ақтөбе жол дистанциясы аралықты жалғау мақсатында 400 метр жол төседі. Разъезде қосымша 3 қабылдау-жөнелту жолдары салынып, 14 бұрма орналастырылды. Электрлі орталық ғимараты салынып, оған қосымша жаңа ғимараттар бой көтеріп, станция басы абаттандырылып, жалпы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. 

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе