Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА, Атырау
Бір күнді қауіпсіздікке арнады
Оқуға 2 мин
Атырау локомотив пайдалану депосы директорының Ганюшкин айналым депосы бойынша орынбасары Ерлан Тарихов бастаған топ елді мекендегі Ақкөл орта мектебінің оқушыларына бір күнін арнады.
Мақсат – оқушыларды темір жол бойында жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыру, ұмытпауға дағдыландыру. Бұл күні 5-9 сынып оқушыларымен әңгіме өткізген депо орынбасары өз баяндамасында темір жол көлігіне жақын жүргенде аса қырағы болу қажеттігі және ол кезде көпірлерді, жаяу адам өткелдерін пайдалану керектігі, сондай- ақ, қауіпсіздікті сақтау мақсатында тыйым салынатын жағдайларға жан- жақты тоқталып, мысалдар келтірді.
–Темір жолға жақын жерде аса сақ болыңдар балалар, өйткені кез-келген сәтте байқаусызда пойыз келіп қалуы мүмкін. Темір жолдың бойымен, әсіресе рельспен жүруге болмайды. Кейде балалар темір жолды ойын алаңына айналдырамын деп опық жеп жатады. Темір жолдан өтетін өтпелі көпір болса да, кейбір ересектердің өзі жолды қысқартуға тырысып, қарсы жаққа темір жол бойымен өтеді. Бұл – өте қауіпті. Әсіресе, күзетілмейтін темір жол өткелінен өткен кезде ерекше мұқият болған жөн. Ондай жерден өтер алдында жақын жерде пойыздың жоқтығына әбден көз жеткізу қажет,– деді Ерлан Тарихов.
Бұдан кейін Атырау локомотив пайдалану депосының кәсіподақ ұйымының төрағасы Боранбай Қамиев пен еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігінің нұсқаушысы Асқар Масалимов теміржол аумағында орын алатын жазатайым оқиғаларды азайту, болдырмау мақсатында ұйымдастырылған «Жолдағы адам» айлығының адамдар өмірінде алатын орны мен маңыздылығы туралы айта келіп, осы айлықты жоғары дәрежеде өткізуге оқушыларды атсалысуға шақырды.
Дәл осындай басқосу Атырау қаласындағы №22 және №23 -ші орта мектептерінде де өтті. Мұнда Атырау локомотив пайдалану депосы директорының өндіріс бойынша орынбасары Эдуард Мырзалиев бастаған топ, машинист-нұсқаушылары мен тепловоз машинистері оқушылардың сауалдарына жауап берді.