Ерлан Ғазез, Семей
Қыздар қызыққа кенелтті
Оқуға 2 мин
Семей жүк тасымалдау бөлімшесінде бастауыш кәсіподақ ұйымының мұрындық болуымен Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған «Ал, қанекей, қыздар!» сайысы өтті.
Аталмыш шараға жиналған нәзік жанды теміржолшыларды келе жатқан атаулы мерекелерімен құттықтаған «Семей – Жүк тасымалы» бөлімшесі директорының орынбасары Ерғазы Жұмаділов пен магистральді желі бөлімшесінің бас инженері Айдос Кемелханов жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. Салалық кәсіподақ ұйымының орталық кеңесінің Семей жол бөлімшесіндегі өкілі Алик Досанов та болат жолдың бойында ерлермен иық түйістіріп еселі еңбек етіп жүрген аруларға жүрек жарды тілегін жеткізді. Сайысқа НЖС-тың «Торнадо», Жаңасемей станциясының «Мынауский қыздар», НОД-тың «Великолепная пятерка», Семей станциясының «Аврора», электрмен жабдықтау дистанциясының «Молния», вокзал шаруашылығының «Тұлпар», Транстелекомның «Связист», белгі беру-байланыс дистанциясының «Суперпчелки» атты топтары қатысып, берілген 9 шарт бойынша тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Қатысушыларды жарыстың шарттарымен таныстырып, дайындықты пысықтаған бөлімшенің спорттық нұсқаушысы Наталья Мешкова төрешіге жарысты жалғастыруға пәрмен берді. Алғашқы топты таныстырудан «Великолепная пятерка» қыздары өздерінің алғырлығымен көзге түсті. Екінші шартта «Бой жазу» шаршыны жүгіріп тасуда «Мынауский қыздар» тобы өздерінің мықтылықтарын танытты. «Ептілік» шарды ракетканың үстіне қойып, кедергілер арасынан өтіп межеге жетуде алдарына жан салмаған қыздар да көрермендер қошеметіне бөленді. Сурет салу сияқты шығармашылыққа арналған шарттарды да қатысушылар асқан қызығушылықпен орындады.
Бірнеше сағатқа созылған сайыс қорытындысы да шығарылып, жүлделі 1 орынға шарттарды шапшаң, қатесіз және ептілікпен орындап 82 ұпай жинаған Жаңасемей станциясының «Мынауский қыздар» командасы лайық деп танылса, 2 орынға 77-балмен бөлімшенің «Великолепная пятерка» командасы, ал 3 орынға 76 ұпайды еншілеген Семей станциясының «Аврора» командасы ие болды. Жарыс жеңімпаздары және барлық қатысушылар бөлімше басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының атынан грамоталар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.