Ерман Әбдиев, Жамбыл
Бір әулеттің анасы
Оқуға 2 мин
Жамбыл теміржолында бір әулеттен үш бірдей «Құрметті теміржолшы» шыққан Жаңабаевтар әулетінің орны ерекше. Сол үшеудің бірі – отыз жыл шойын жолда еңбек еткен «Алтын алқалы» әулет анасы Бүбісара Жаңабаева.
Бүбісара апа сонау бір жылдары жүк құрамын апаттан құтқарғаны үшін "Құрметті теміржолшы" атағына ие болған екен. Өмірден ерте озған отағасы Ергеш Жаңабаев та Құрметті теміржолшы болды.
Бүгінде ақ жаулықты, алтын құрсақты ана он ұл-қыздан 25 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Сексенге аяқ басқан қарияның құрсағынан тараған ұл-қыздардың барлығы бүгінде темір жол саласында абыройлы еңбек етуде.
Жуырда "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев пен қала әкімі Рүстем Дәулет Бүбісара апаның шаңырағына арнайы бас сұғып, мерекемен құттықтады. Қарт анаға облыс әкімінің алғысын жеткізіп, плазмалық теледидар сыйлады. Өсіп-өнген шаңырақ отанасының ғибратты әңгімесін тыңдады.
– «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген тілегіміз қабыл болғаны осы шығар. Жас кезде шойын жолда еңбек еттім. Күркіресу станциясында вагонның дөңгелегі қызып, өзінің майы отқа оранып бара жатқанын хабарлап, машинистің дер кезінде тоқтатып, апаттың алдын алуы арқасында 25 жүк вагоны аман қалды. Сол жылы мен "Құрметті теміржолшы" атағына ие болдым. Шалым да құлап бара жатқан пойызды дер кезінде тоқтатып, «Құрметті теміржолшы» атанған. Бір өкініштісі, ертерек өмірден өтіп кетті. Мен міне, немере-шөберелерімнің қызығына тоймай, еліміздің амандығын, ұрпақтың саулығын тілеп отырған жайым бар. Елбасыға да, ел тізгінін ұстаған азаматтарға да алғысым шексіз. Жұмыстарыңның жемісін көріңдер, – деп алғысын айтып, батасын берді "Алтын алқалы" ана.
Бүгінде Бүбісара ананың ұл-қыздарының барлығы теміржолдың әр саласында еңбек етуде. Қолында тұрып жатқан ұлы машинист. Қолы боста құрақ құрап, киіз басып, ши тоқуды ерек ететін Бүбісара ана әлі де тың да қуатты.