Бала кезден аттың құлағында ойнап өскен  Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты Талас станциясы бастығының орынбасары Әбілсейіт Пашировты жамбылдық жұртшылық теміржолшы ретінде емес, кәнігі көкпаршы ретінде жақсы біледі.

Жамбыл гидромилеративтік институтын бітірген Әбілсейіттің мамандығы инженер-механик.  Тоқсаныншы жылдары аттың бабын жақсы білетін жігіт өңірде алғаш рет «Әулиеата» көкпар клубының құрылуына атсалысады. Әбілсейіт Паширов 2001 жылдан бері темір жол саласында еңбек етіп келеді. Құмшағал станциясына станция кезекшісі болып бастаған ол Жамбыл станциясында бірнеше жыл еңбек етіп тәжірибе жинақтаған соң  2005 жылдан  алдымен  Сары-Шаған, сосын Үшбұлақ станциясын басқарып,  Аса станциясы бастығының орынбасары болып он шақты жыл еңбек етіп, 2015 жылы Жамбыл жол бөлімшесіне техникалық өндірістік бөлім басшысы болып келеді. Бүгінгі күні Талас станциясы бастығының орынбасары. Міне осы жылдар аралығында «Әулиеата» көкпар клубының жаттықтырушысы ретінде де өндірістен қол үзбей келеді. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы. Жамбылдық көкпаршы жігіттер арасында Әбілсейіттің қосалқы есімі «Шаман». Жалпы, Әбекең 1965 жылы Әбілсейіт Айханов ресейлік палуан Медведевпен белдесіп чемпион болған жылы туылған екен. Сондықтан ата-анасы сондай азамат болсын деп есімін Әбілсейіт қойған екен. -  Менің әкемнің нағашысы теміржолшы болған. Бала кезімде «кейін сен теміржолшы боласың» дегенде, апам: «Тәйт, қайдағыны айтпай. Бұлар оқиды, бастық болады» деп отырушы еді. Сол үлкендердің аузына салды ма, отбасында мен ғана теміржолшы болдым. Ал көкпар бала кезден жаныма серік еткен хоббиім. Жылқы малын жан серігіне балап өскен қазақтың баласымыз гой, мен де ат ұстап, көкпар шаппай демала аламаймын,- дейді Әбілсейіт. Жалпы көкпар – қанмен берілетін өнер болса керек. Әбекеңнің әкесі Тұрсынбай аймаққа белгілі көкпаршы болған. Бүгінде жасы сексеннен асса да әлі күнге дейін делебесі қозып, оқта-текте көкпар тартады. Әбекеңнің үлкен ұлы Нұрсұлтан бүгінде Аса станциясында станция кезекшісі болып еңбек етуде. Нұрсұлтан да ата кәсіп атқа құмарлығын байқатып  қыз қуу мен теңге ілуден спорт шеберлігін қорғапты.   

Ерман Әбдиев, Жамбыл