Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Өнегелі өмір иесі
Оқуға 2 мин
Шымкент теміржолында отыз жылдан аса еңбек еткен тағы бір ардагер – Лола Камалова 80 жасқа толып, бір топ көз-көргендер құттықтай барды.
Бөлімшедегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев пен кәсіподақ ардагері Майра Омарқызы және кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Тоқтар Бекова бастаған қонақтармен қатар қарияның бұрынғы әріптестері, жақын сыйлас дос-жарандары қос теміржолшылның шаңырағына жиналып, құрмет көрсетті.
Қос теміржолшы дегеніміз, кезінде Ферғананың қызы қармақшылық Рысмахан деген қазақ жігітімен Ташкенттегі теміржол институтында бірге оқып, дәм-тұздары жарасып отау құрады. Содан бері, міне алпыс жылға жуық уақыт бір шаңырақ астында бірге жасап келеді.
Рысмахан Жалғасбаев та 40 жылдай өңір теміржолының дамуына еңбегі сіңген ардагер. Бөлімшеде инженер, бас ревизор болды, партия қызметін де атқарды. Арасында вагон, локомотив деполарына басшылық жасаған.
– Лоламен отау құрғанымызға 56 жыл болса, зейнетке шыққанымызға ширек ғасырдан асып барады. Мен қызмет бабымен іссапарда жиі болып, жас кезде үйге қарап, балалардың тәрбиесімен өзі айналысты. Соның арқасында жұмысты алаңсыз атқардым. 1996 жылдан бері қос жанарымның көру қабілеті нашарлап, күні бүгінге дейін жағдайымды жасап келеді. Үйдің де, түздің де жұмысын атқарды. Мені осы жасқа жеткізіп отырған – соның күші. Ләйла, Рүстем атты екі бала өсіріп, бүгінде немере, шөбере сүйіп отырмыз, – дейді Рысмахан Жалғасбаев кемпірінің мақтауын келістіріп.
Лола Исамқызы станцияда жол кезекшісі, вокзал кассасында кассир, жолаушылар бөлімінің аға инженері болды. Ал 1978 жылдан 1992 жылы зейнетке шыққанша жауапкершілігі жоғары құпия бөлімде қызмет етіпті.
Ардагерлердің айтуынша, Семей полигонына керек жарылғыш заттар шифрмен өтіп тұрған. Бұл – мемлекеттік маңызы бар тапсырма болғандықтан, жолда апатқа ұшырамас үшін, оның құжаттық және техникалық қауіпсіздігі өте сақ және құпия түрде жүзеге асырылыпты. Ардагерлер қазіргідей әр вагонның құжаты болмаса да, ол кездері тәулігіне 70 жұп жүк, 25 жұп жолаушылар пойызын аттандырып, жұмыстың үнемі қарбалас болғанын естеріне алды. Сондай-ақ, осы кеште әріптестері қызмет барысында Лола әжейдің жолдасын ылғи да «Рысмахан Жалғасбаевич» деп атайтынын еске алысып, басқа да естеліктерімен бөлісіп, туған күн иесінің мерейін асырды.