Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау
Жарық диодты модульдер жетістігі
Оқуға 2 мин
Атырау сигнализация және байланыс дистанциясында тозығы жеткен бағдаршамдар, заманауи бағдаршамдармен алмастырылуда.
Дистанцияда 1969 жылдан бері жұмыс жасап тұрған бағдаршамдардың линзалық жинағын заман талабына сай жаңа, күтім жасау жұмыстарын аз қажет ететін, салмағы жеңіл, герметизациялы жарық диодты модульдерге ауысу жұмыстары жүріп жатыр.
Заманауи бағдаршамның бұрынғыдан артықшылығы көп. Айталық, күн райының қандай жағдайында болмасын машинист үшін қашықтан көру жақсарды. Жарық диодты модульдердің ең негізгі артықшылығы да осы қасиетінде, тұтыну тоғы өте аз болуына қармастан қашықтықтан өте анық көрінеді.
–Жарық диодты модульдерге ауыстырудан ұтарымыз көп, алдымен күтімі өте аз, атап айтсақ линзалық жинақта бір жылда екі рет шамы ауысып, соған байланысты кернеуі өлшеніп, көрінуін реттеу жұмыстары жасалу керек болатын болса, жарық диодты модульдің диоды берік және қызмет ету уақыты 15 жылды құрайды. Техникалық сипаттамасы бойынша артықшылық мүмкіндіктері көрсетілген, бағдаршамды орнатудың қауіпсіздік үшін рөлі зор. БСП (Бақылау сынау пункті) электромеханиктерінің және желі электромеханиктерінің көп уақыты үнемделеді және тұтыну тоғы өте аз болғандықтан қазіргі таңдағы компания саясаты оңтайландыру мақсатымен ұштасып жатыр, – дейді Атырау белгі беру және байланыс дистанциясы директорының СОБ жөніндегі орынбасары Дәурен Елеуов.
Бүгінгі таңда Атырау станциясынан Ресейге шекаралас Дина Нұрпейісоваға дейін 200 бағдаршамның 136-сы жаңа қондырғымен алмастырылып, жұмыстар әлі де жалғасуда.