Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Терминалдар жұмыс істей бастады
Оқуға 1 мин
Ақтөбе мен Орал теміржол вокзалдарында жолаушыларды тексеруден өткізетін терминалдың ресми түрде ашылуы болып өтті.
Әскерилендірілген теміржол күзетінің қызметкерлері үшін арнайы нұсқаулықтар өткізіліп, жаңадан жұмысқа тартылған жас мамандар алғашқы жолаушыларды тексеруге кірісіп кетті.
«Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Талғат Сисеннің айтуынша, Ақтөбе вокзалында 80-ге тарта, Орал вокзалында 70-тен астам маман қызмет етпек. «Оларға арнайы дәрістер оқылады, күнделікті инструктаж өткізіледі. Қолдарына сертификаттар беріледі», - дейді ол.
Ақтөбе вокзалындағы жаңашылдықты алғаш көрген жолаушылар аң-таң. Жас мамандар алғашқы күндері мән-жайды түсіндіріп, мұндай шараның не үшін қолға алынып жатқанын айтып беріп отырды.
Мекеме басшылығы Ақтөбе вокзалында терминалды іске қосқаннан кейін Оралға жүріп кетті. Көрші облыста да осындай жабдық пайдалануға берілді.