«ҚТЖ» ҰК» АҚ Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясы темір жол көлігіндегі жүк және жолаушылар тасымалын, тұтынушыларды электрмен жабдықтауды үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Электр қондырғыларының күтімін жасап, ақау мен апаттың алдын-алу, тексеру-жөндеу жұмыстары ҚР Электр қондырғыларын техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес мерзімде, шығарушы зауыттардың нұсқаулықтарына сәйкес, ағымдағы жағдайына байланысты дистанция мен электр құрылғыларына жауапты тұлға арасында жасақталып, бір жылға бекітіледі. Бүгінгі таңда дистанция бойынша 10 кВ автоблоктау және бойлық электрмен жабдықтау жоғарғы кернеулі әуе желісіне көктемгі-жазғы профилактикалық, алдын-алу, тексеру-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоғарғы кернеулі әуе желісіне алдын-алу, жөндеу жұмыстары көктемде және күзде, яғни жылына 2 рет жүргізіледі. Ол кезде электр құрылғыларының жай-күйі тексеріліп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады.Бүгінгі таңда қызмет көрсету аймағы Опорный станциясынан Болашақ – Түркіменстан шекарасына дейін, Бейнеу станциясынан Оазис станциясына дейін, Бейнеу станциясынан Тассай станциясына дейін, Боржақты станциясынан Ерсай станциясына дейін 1229,1 км құрайтын әуе желісіне алдын-алу, тексеру-жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін дистанцияның желілік бөлімшелерінен 7 бригада жасақталған. Алдын-алу, тексеру-жөндеу барысында 10 кВ автоблоктау және бойлық электрмен жабдықтау жоғарғы кернеулі әуе желісі құрылғыларына тексеріс жүргізіліп, ағымдағы жөндеу – оқшаулағыштар тазаланды, олардың бүтіндігі, орнатылу беріктігі, КТП(О) трансформаторлары, олардағы май деңгейлері тексерілді. Бұған қоса, электро құрылғыларындағы қауіпсіздік белгілері жаңартылып, тірек негіздері боялды, желілік ажыратып-қосқыштар қалыпқа келтіріліп, боялды, сигналдық нүктелер де тексеріліп, талапқа сәйкестендірілді. Тексерістер барысында оқшаулағыштар мен траверстер, желі сымдары ауыстырылды, тіректер түзетілді.