Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Жолдың жайын жолшы білер...
Оқуға 2 мин
Ірілендірілген Арыс жол дистанциясының ұжымы тек жақсы көрсеткіштерімен танымал. Бұл әрине, ең алдымен сол жолдың бабын жасайтын жолшылардың маңдай тер, табан ақысының арқасы.
Солардың бірі, ширек ғасырдан бері шойынжолды баптап жүрген Ахмет Қамбарбек. Еңбек жолын жол монтерлігінен бастаған ол жол шаруашылығының барлық сатысынан өткен. Екі жыл өтпе кезекші де болды. Тәжірибе жинақтай келе жол бригадирі болып жұмыс істеді.Тараз қаласындағы оқу орнында біліктілігін арттырып келген соң Ақпан, Бадам бекетінде жол шебері міндетін атқарды. Соңғы он жылдан бері Арыс ірілендірілген жол дистанциясының жол шебері.
–Оңтүстіктің ең «ыстық нүктесі» Арыста бүгінгідей қырық күн шілдеде ауаның температурасы 50 градуска дейін ысып, аспан айналып жерге түсетіндей аптап болады. Сонда да жол бойыннан табылатын жолшылар шойынжолдың ағымдағы күтімін жасайды. Күнделікті ақау күнде түзелетіндіктен, құдайдың құтты күні бұл жұмыс қайталана береді. Яғни, жолшылар жол бойының әр қадамын күн сайын қырағы көзден өткізеді, онсыз қозғалыс қауіпсіздігін толық қамамасыз ету мүмкін бе? Арыс пен Ақдала арасындағы 3210-3213 км арасындағы тақ және жұп жолдарын қосқанда 8 км жолды екі бригадир, 14 жұмысшы күтіп ұстайды. Қауіп байқасақ, сол шақырым бойынан пойыздардың төмен жылдамдықпен жүруін ескертеміз. Биылғы жаз сұмдық ыстық болып тұр, бірақ жаны сірден жаралған жігіттеріміздің арқасында жол күтімі жоғары, қозғалысқа қашан да жол ашық, – дейді жасы биыл 54-ке шыққан жол шебері.
Айтпақшы, Ахмет Қамбарбек салаға кездейсоқ келген жан емес. Атасы Ахмет те темір табанды жолдың күтімін, қырық жыл жасаған жолшы болған.