Ерман Әбдиев, Жаңатас
Жаңатас: жүк көлемін арттыруға кепіл бар
Оқуға 2 мин
Жамбыл теміржолына қарасты Жаңатас станциясының аты елеусіз болса да әлеуеті зор. Облыс орталығынан шалғай жатса да «КазАтомпром», «ЕвроХимҚаратау», «Қазфосфат» сынды ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасап отырған станцияда жыл он екі ай қызу жұмыс саябырсыған емес.
Кезінде, кеңестер одағының дүркіреп тұрған шағында Жаңатастың аты шартарапқа кеткені рас. Бүгін ондай даңғы болмаса да өзіне жетерлік өндірісі, соған орай тасымал көлемі бар станция теміржолшылары өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
Айына орта есеппен елу вагон жүк жөнелтіп отырған станцияда контейнерлік жүк тиеу әдісі мықты жолға қойылған. Тиелген жүк ел аумағынан бөлек ТМД мемлекеттерімен қатар, шетелге де тасымалданып отыр.
–Қазіргі күні тамыз айына межеленген жоспар толық орындалды. Станцияда отыз адам еңбек етеді. Станцияда жүк қабылдап алатын алты телім және сұрыптау сегіз телімі бар. Алдағы жылы «ЕвроХимҚаратау» компаниясы Жаңатас қаласынан Түркістанға дейін темір жол салып беру жобасын да қолға алып отыр. Бұл жұмыс көлемін арттырып, жүк тиеу мен түсіру, тасымалдау көлемін де ұлғайтары сөзсіз, – дейді отыз теміржолшы еңбек ететін станцияны жиырма жылға жуық басқарып келе жатқан Бескен Нарбаев.
Станция бастығының айтуынша, Жаңатаста жүк көлемін арттыруға барлық мүмкіндік бар. Өйткені, соңғы кезде фосфорлы тыңайтқышқа сұраныс артып отырғаны байқалады, осыған орай фосфор өндірісі де жанданып, кәсіпорындар өз жұмысын белсенді жүргізуге кіріскен.
– «ЕвроХимҚаратау» ЖШС өз жұмысын мықтап жолға қойып отыр. Алдағы жылдары үш зауыттың құрылысын жүргізгелі отырған бұл компанияның дайын тауарларын тасымалдауда жұмыс көлемі артатын болады. Оның үстіне «Қазфосфат» ЖШС өнімдерін тиеуде де жұмыс ауқымы артып отыр, – дейді станция басшысы.
Келген жүк станцияда қабылданып, тұтынушылар оны осы жерден тиеп алып кетеді. Станцияда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық талаптар қатаң сақталған. Ал ұрлық-қарлықтың алдын алып, жүктің сақталымын әскериленген темір жол күзеті қамтамасыз етіп отыр. Жаңатас станциясы қаласының ортасында тұрғандықтан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін бақылап, мал басының станция жолдарына шығып кетпеуі қатаң қадағаланады. Биылғы жылы мал және адам басу оқиғалары орын алмаған. Қазір жаңа оқу жылының қарсаңында жолдың маңына жақын орналасқан үй тұрғындары мен мектеп оқушыларының арасында жолдан өту қауіпсіздігіне орай түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.