Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Қайырымдылық – сауапты іс
Оқуға 2 мин
Қайырымдылық жасағанда «оң қолым бергенде, сол қолым көрмесін» деген тәмсіл бар. Алайда, біреудің әрекеті екіншіге ой салуы мүмкін. Сондықтан «ӘТЖК»АҚ Шымкент филиалы қызметкерлерінің қайырымды іс-шарадан қалыс қалмайтынын мысал етудің артығы болмас.
Филиалдың кадр бөлмінің бастығы Гүлмира Жұмабекқызы «Жетімді жебегенге жеті пейіштің есігі ашылады» дегенді ұстанатын жан. Осы бір жайсаң жанның ұйымдастыруымен филиалдың орталық аппаратында 30 шақты қызметкер 2011 жылдан бері Төле би ауданындағы тірек-қимыл мүшесі зақымданған «Көксәйек» балалар үйіне көмек беріп келеді.
– Бір жылдары 1 маусым қарсаңында 150 балаға бірсыпыра жаздық киім алып бердік. Келесі жылы киім кептіретін құрал сыйладық. Жаңа жылда тәттілер үлестіреміз. Жылда осы екі мейрамда көңілі жарым балаларды қуантуға тырысамыз. Одан басқа қамқорлығымызда екі бала бар. Шымкенттегі балалар үйінде тәрбиеленетін Дастан мен Қызылордадағы қызымызға екі аймақтағы 1500-ге жуық күзетшілер жылына бір рет есеп-шоттарына қаржы аударады. Олар 16 жастан асқанда жиылған қаржыны өздеріне жұмсайды,- дейді кадр бөлімінің бастығы.
Шымкентте баласы мүгедек және әлеуметтік жағдайы төмен елуге жуық жалғызбасты ана бүгінде қор ашып, сонда жиналған қаржыны балалардың ем-домы мен керек-жарағына жұмсауда. Әскерилендірілген теміржол күзетінің Оңтүстіктегі өкілдері осы аналарға да бір жылдан бері қол ұшын беріп, қаржылай демеп отырады екен. Қор бастығы жуырда 5 бүлдіршінді квотамен емдетуге Астанаға апарту үшін де әскери күзетшілер қол ұшын созғанын ризашылықпен жеткізді.