Абай облысында Бақты құрғақ портының құрылысы басталды
Абай облысының Мақаншы ауданындағы Бақты ауылында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли мен «Port Baqty» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Өңір басшысы жобаның Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Бақты құрғақ порты халықаралық сауда мен логистиканы дамытуға серпін беріп, жаңа инвестициялар мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғаннан кейін Бақты Достық пен Қорғастан кейінгі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі болады. Бұл шекараның өткізу қабілетін жылына қосымша 20–25 млн тоннаға дейін арттырып, қолданыстағы өткелдерге түсетін жүктемені азайтады.

Терминалдың жобалық қуаты жылына 1 млн контейнерді құрайды. Алғашқы кезеңде жобаға 210 млн АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылып, 200 жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезінде 800–1200 адам еңбекпен қамтылса, кешен толық іске қосылған соң 500–1000 тұрақты жұмыс орны құрылып, сервистік салаларда тағы 1500–2000 адам жұмыспен қамтылады.
Кешен құрамында контейнерлік және астық терминалдары, қоймалар, кедендік және логистикалық инфрақұрылым, автотерминал, сондай-ақ қызметкерлерге арналған 200 орындық қонақүй салынады.

2026–2028 жылдары жүзеге асырылатын жоба үшін Бақты ауылдық округінен 150 гектар жер бөлінген. Жаңа логистикалық орталық өңірдің көлік мүмкіндіктерін кеңейтіп, экспорт көлемінің артуына және Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.