Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Жүз рет естігеннен, бір рет көрген жақсы
Оқуға 1 мин
Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясында техникалық дәріс бөлмесі ашылды. Дистанцияда еңбек ететін мамандар, әсіресе электр монтерлары үшін бұл тиімді болып отыр. Өйткені, не нәрсені болсын, жүз рет естігенше, бір рет көрген жақсы деп санайды дистанция басшылығы.
Бұрын электрмен жабдықтау дистанциясына қарасты мамандар тек дистанцияның желілік аудандарында ғана техникалық залда дәріс оқитын болса, міне, бүгінде мәжіліс залы базасында ашылған техникалық дәріс кабинеті қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.
Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясының оқу шебері Гүлшат Сабырованың айтуына қарағанда, техникалық кабинетте айына кем дегенде екі рет дәріс өткізілу жоспарланып отыр. Және оған барлық аудандық тораптардан электр монтерлары қатысуы міндеттелмек.
– Залға 10 шақты компьютер қойылды. Арнайы көрнекі құралдармен жабдықталды. Қабырғада электр монтерларының қауіпсіздік үшін қолданатын құралдарының макеттері ілулі тұр. Сонымен бірге, проектордың көмегімен слайдтарды қолдану мүмкіндіктері қарастырылған, қысқасы, техникалық кабинетті жабдықтауға едәуір күш жұмсалды, - дейді Гүлшат Сабырова.
Дәріс бөлмесін жасақтауға оқу шебері мен бас инженер көп күш жұмсап, жауапкершілікпен атсалысыпты. Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясы аумағында 7 желілік аудан бар. Мекемеде 200-ден астам адам қызмет етеді.