Атырауда таяу күндерде көктемгі комиссиялық тексеру басталмақ.  Арнайы құрылған комиссия тексерісті Ганюшкино–Д.Нұрпейісова телімінен бастамақ.  Одан әрі Ганюшкино–Исатай, Исатай–Қызылжар телімдері, сонан кейін Махамбет, Атырау, Ақжайық станциялары, Мақат–Құлсары, Сағыз–Мақат телімдеріне соғып, жол, сигнализация, энергиямен қамту дистанциялары, вагон, локомотив деполары, т.т. түгел тексерілмек.  Байқау жылдағыдай қозғалыс қауіпсіздігі, еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы, техникалық құралдардың, ғимараттардың жай-күйі, байланыс, электр құралдарының жағдайы, вагондар мен теміржолдың қазіргі ахуалы, сондай-ақ теміршолшылардың білім мен біліктілігі, жеке мәслелелері, проблемалары да қаралатын болады.  Бұған дейін құрылымдық бөлімшелердің өз ішінде көктемгі тексеруге дайындық деңгейі қаралды. Ол тексерулерде байқалғаны, кейбір бұрмалар, шпалдар желінген, СОБ, байланыс, радиобайланыс, ПОНАБ қондырғыларын, рельс шынжырларын, аккумулятор қондырғылары, СОБ құралдары, белгі беру құралдарын қаншама күтіп ұстауға тырысқанмен, тозып қалатыны да рас. Өткелдердің бәрінде бірдей дыбысты белгі беру құралдары жоқ, электр желілерін күтіп-ұстауда да кемшіліктер болады. Станцияларда вагон қараушылардың, пойыз құрастырушылардың, басқа да жұмысшылардың жұмыс жасауына жарықтың, прожекторлардың жоқтығы немесе әлсіздігі әсер етеді. Пойыз қараушылардың радиостансалары да нашар жұмыс жасап қалатын уақыты болады. Міне, осы және басқа да жұмыстарды тексеру ісі сәуір айының басынан бастап белгіленіп отыр.

Қосұйым Мұқашев,

Атырау