«Қазтеміртранс» АҚ Батыс өңіріндегі автомобиль жолдарын салу және жөндеу жобаларын вагондармен қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Жыл басынан бергі тоғыз айда компанияның вагон паркі арқылы мердігер ұйымдарға 7 780 вагон жеткізілді.

Автомобиль жолдарының сапасы мен көлік инфрақұрылымының дамуы ел экономикасы үшін маңызды. Бұл бағыттағы құрылыс және жөндеу жұмыстары қажетті материалдардың уақытылы жеткізілуіне тікелей байланысты. Ал құрылыс материалдарын тасымалдауда теміржол көлігінің мүмкіндігі зор.  

Мемлекеттік маңызы бар жобаларды қолдауды басым бағыттардың бірі ретінде қарастыратын «Қазтеміртранс» АҚ Батыс өңіріндегі жол-құрылыс нысандарын вагондармен қамтамасыз ету жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.  

Ақтөбе филиалының директоры Ибрагим Нұрсұлтан Байдуллаұлының мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында өңірдегі жол құрылысы мен орташа жөндеу нысандарына барлығы 7 780 вагон жеткізілген. Мәселен, «Сырым» өткізу пункті нысаны бойынша «QSM Engineering» ЖШС-не 430 вагон бағытталған. Ал «Атырау – Орал – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарына бірнеше мердігер ұйым тартылған. Соның ішінде «ДСК Приоритет» ЖШС-не 3 900, «Айдана» ЖШС-не 1 800, «ТОБИ» ЖШС-не 1 650 вагон жеткізілген.  

Бұл көрсеткіштер компанияның өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды көліктік-логистикалық тұрғыдан қамтамасыз етудегі жұмыс ауқымын аңғартады.  

Жүк вагондарын тиімді пайдалану құрылыс материалдарын қажетті көлемде жеткізуге, үздіксіз тасымал үдерісін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының жоспарлы орындалуына ықпал етпек.